Жаңа Ата Заң жобасы: Ербол Қарашөкеев Меркіде зиялы қауыммен кездесті
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 12:19
- 88
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданында зиялы қауыммен кездесіп, жаңа Ата Заң жобасын талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында аймақ басшысы жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталып, ашық қоғамдық талқылаулардың, жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде әзірленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын айтты.
- Қазақстан Республикасы Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған, - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде зиялы қауым жаңа Конституция жобасы - қоғамның сұранысы мен заман талаптарына сай әзірленген, мемлекеттің құқықтық негіздерін жаңғыртуға бағытталған, жаңа мазмұн мен мағынаға ие маңызды құжат екенін айта келе, бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев өңір халқын бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен қарап, белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жаңа Ата Заңның жобасы әзірленді. Осы мақсатта 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бір аптаға жуық жұмыс жасаған комиссия жеке азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі талдады. Ендігі маңызды шешім алдағы уақытта болатын референдум арқылы қабылданады.





