Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында 1008 азаматқа кәсіп ашу үшін грант беріледі

Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру және әр азаматтың әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беру бағытында бірқатар бастамалар жүзеге асуда. Сол бастамалардың бірі – әлеуметтік осал топтар қатарындағы тұрғындарға өз ісін бастауға жағдай жасап, оларға қайтарымсыз грант бөлу арқылы кәсіпкерлікке жол ашу.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ директоры Серік Әлібековтің айтуынша, биыл өңірде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарға 400 АЕК мөлшерінде (1 572 800 теңге) грант беру жоспарланған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Барлығы 1008 грант бөлінуі тиіс болса, қазіргі таңда 501 адам өз бизнесін бастауға мүмкіндік алған. Қыркүйек айында бұл тізім тағы 6 азаматпен толыққан.

Қайтарымсыз грантқа кімдер үміткер бола алады? 

Басқарма өкілінің айтуынша, әр азамат бұл қолдауды өмірінде тек бір рет ала алады және міндетті түрде әлеуметтік осал топтың біріне жатуы қажет.

Атап айтқанда: мүгедектігі бар адамдар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы жанұя мүшелері, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтар және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар грантқа өтініш бере алады.

Ең маңызды талаптардың бірі – үміткердің кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау Бизнес» жобасынан оқып, тиісті сертификатқа ие болуы. Бұл құжаттың жарамдылық мерзімі – үш жыл.