жұма, 12 желтоқсан, 2025 17:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында «Қазфосфат» компаниясының алып өндірістік кешені салынбақ

Жамбыл облысында «Қазфосфат» компаниясының алып өндірістік кешені салынбақ
Фото - ашық дереккөз
Қазіргі таңда Сарысу ауданында ұлттық маңызы бар стратегиялық жобаның құрылысына дайындық кезеңі жүргізілуде

«Қазфосфат» - еліміздің химия және агроөнеркәсіптік саласында маңызды рөл атқаратын компания. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, фосфорит кенін өңдеу, құрамында фосфор бар минералдық тыңайтқыштар өндірумен айналысатын кәсіпорын шаруаларды тұрақты түрде тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, импорттық тәуелділікті төмендету үшін жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz


Осы орайда химия өнеркәсібінде айрықша орын алатын зауытта баспасөз туры ұйымдастырылып, тілшілер қауымы Қазфосфаттың жұмысымен танысты. Өз кезегінде компания басшылығы алдағы жоспарларымен бөлісіп, өндіріс көлемін арттыру бойынша атқарып жатқан жұмыстарын айтты. 
Кәсіпорын жыл ішінде аммофос өндіру көлемін 53 пайызға арттырған. Сәйкесінше, биыл 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар күкірт қышқылын шығару көлемі 300 мың тоннадан асады деп күтілуде. Ал, үш кальцийфосфат өнімін өндіру 2024 жылмен салыстырғанда 61% -ға артпақ. 

- «Қазфосфат» ЖШС экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейтіп, компанияның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуды көздейді. Бұл арқылы өнімді өткізу көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. 2025 жылы компания өнімдері 15-тен астам елге жеткізілді, соның ішінде Орталық Азия елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, ал Шығыс Еуропа бойынша Польша, Литва, Латвия, Беларусь, Сербия, Оңтүстік Америка елдері бойынша Бразилия, Боливия, сондай-ақ Ресей мен Грузия бар.  Бір жылға шақталған сатудың болжамды қорытынды көлемі - 700 мың тоннадан асады. Бұл компанияның ірі өндіруші және сенімді өнім экспорттаушы ретінде мәртебесін көтереді. Бұл ретте компания жаңа бағыттарды ашып отыр. Шығыс Еуропа мен Оңтүстік Америка елдеріне жеткізу белсенді түрде өсіп келеді. Бұл компанияға ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер әкеледі, - дейді өндіріс бөлімі басшысының орынбасары Жанәділ Аңқабаев. 

Зауыт зақымданған жерлерді қалпына келтіру бойынша Тараз қаласы әкімдігімен меморандумға қол қоймақ. Сол арқылы бұрынғы 100 гектарда орналасқан сүзу алаңдарын қалпына келтіруді жоспарлап отыр. 

- Жоба аясында алдымен бос жерлерге фосфогипс толтырып, қалпына келтірудің техникалық кезеңі жүргізіледі. Одан әрі Қазфосфат қаланың экологиялық ахуалы жақсарту мақсатында ағаштар отырғызбақ. Барлық қаржылық шығындарды компания өз мойнына алады. Бұл іс-шара шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етпек. ҚР экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, компания 1-санаттағы нысандар үшін кешенді экологиялық рұқсатты ерікті түрде алу үшін аталған сауалды көтеруде. Бұл арқылы экологиялық стандарттарды қатаң бақылауға мүмкіндік бар. Әрі ҚР заңнамасының барлық талаптарын сақтауға мүмкіндік береді. «Қазфосфат» компаниясы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен бірлесіп 2025-2029 жылдарға арналған фосфогипсті кәдеге жарату бойынша Жол картасын әзірледі. Қыркүйекте салалық министрлік тарапынан жол картасы мақұлданып, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В. Скляр бекітті. Жол картасы 5 жылға жоспарланған. Жоба аясында фосфогипсті кәдеге жарату бойынша ауқымды бағдарлама іске аспақ. Бұл стратегиялық шешім экологиялық жүктемені азайтуға және ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған, - деді зауыттың бас экологы Арман Қарағалиев. 

Өндіріс орнында жұмыс істейтін мамандардың жалақысы жылдан жылға жақсарып келеді. Мәселен, соңғы 3 жылда орташа айлық көлемі 60% -ға өскен. Ал, келер жылы еңбек демалысына қосымша төлемді 200 мың теңгеге көтеру көзделуде. 

- Ағымдағы жылдың мамыр айында жалақының тарифтік бөлігіне енгізілген салалық коэффициентті ескере отырып, жалақыны 10% -ға индекстеу жүргізілді. Индекстеу тетігі Ұжымдық шарттың ережелеріне сәйкес іске асырылды. Жалақыны индекстеу жыл сайын жүргізіледі, бұл ретте соңғы үш жылда орташа жалақы 60% -ға өсті. Құрылымдық бөлімшелерде өндірістік жетістіктерге байланысты сыйақы беру және оны есептеудің жаңа жүйесі енгізілді. Сыйақы беру мен оның көлемін есептеу үшін әрбір филиалда комиссиялар құрылған. Бұл еңбекті бағалаудың объективтілігі мен әділдігін қамтамасыз етеді. Қызметкерлер өкілдері мен «Қазфосфат» ЖШС арасын 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қойылды. ҚР Химия саласының Салалық келісім талаптарын орындау шеңберінде, қызметкерлердің демалысына 100 мың теңге көлемінде қосымша бір жолғы төлем енгізілді. Бұл төлем 2026 жылы 200 мың теңгеге дейін ұлғаяды, - деді зауыттың өндіріс бөлімі басшысының орынбасары Жанәділ Аңқабаев. 

Алдағы жылдары компанияның әлеуеті еселене түседі. Өйткені, бүгінгі күні Сарысу ауданында ұлттық маңызы бар стратегиялық жобаның құрылысына дайындық кезеңі жүргізілуде. Бұл туралы баспасөз туры аясында «Zhanatas Chemical Complex» Бас директоры Ержан Мұқанов айтты. Оның сөзінше, зауыт минералды тыңайтқыштарды өндіретін Қазақстандағы ірі химиялық кешен болады. 

- Жоспарға сәйкес жаңа кәсіпорынның жылдық қуаты – 1 млн тонна өнім. Жоба - «Zhanatas Chemical Complex» ЖШС тарапынан жүзеге асырылады. Бұл Қазақстан және ТМД елдеріндегі химия өнеркәсібінің жетекшісі саналатын «Казфосфат» компаниясына еншілес құрылым. Әлемдік стандарттарға сай тыңайтқыш өндіру үшін ТМД елдерінде баламасы жоқ кенді терең байыту технологиясы енгізіледі. Бұл технология Қаратау бассейніндегі фосфориттік қоспалар мөлшерінің жоғары болуы секілді мәселені шешуге мүмкіндік береді. Жобаға салынатын жалпы инвестиция көлемі - 300 миллиард теңгеден асады. Қаржыландыру тетігі ретінде «Қазақстан Даму Банкі» мен өзге де көздерден қаражат тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр, - деді ол. 

 Жоба аясында 1200 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Кадрларды даярлау үшін компанияның халықаралық әріптестері әзірлеген оқыту жүйесі, тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылады. 

- Жаңатас қаласындағы кешен - шикізатты қайта өңдеудің толық циклін қамтамасыз ететін әрі интеграцияланған өндірістік тізбек қағидаты бойынша салынады. Оның қызметі заманауи ауа тазарту жүйесі мен ең озық технологияларды пайдалану нәтижесінде халықаралық экологиялық стандарттарға толық сәйкестендіріледі. Қазіргі таңда кешен жобасы әзірленуде. Шикізаттың негізгі көзі ретінде «Қыстас» кен орнын жіті барлау ісі аяқталды. Газ тартып, электрмен жабдықтауға техникалық шарттар толық алынды. Зауытты сумен жабдықтау үшін «Ақжар» жерасты сулары кен орнын барлау және дала жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрғылау ісі мен сынамалы су сору жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар халықаралық EPC-мердігерлерімен келіссөздер жүргізілуде. Құрылысмонтаждау ісін бастау 2026 жылдың соңында жоспарланған, - деді «Zhanatas Chemical Complex» Бас директоры Ержан Мұқанов.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар