жұма, 30 қаңтар, 2026 21:13

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында білім саласы кәсіподағының V Пленумы өтті

Жамбыл облысында білім саласы кәсіподағының V Пленумы өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Жиынға облыстық кәсіподақтар орталығы төраға орынбасары Бақтияр Қарауылов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қзылқұлова, пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.

«Жергілікті кәсіподақтың Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы қызметінің 2025-2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновация» атты стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы» күн тәртібімен Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының кезекті V Пленумы өтті. 

Жиынға облыстық кәсіподақтар орталығы төраға орынбасары Бақтияр Қарауылов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қзылқұлова, пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.

Пленумда жоғары тұрған кәсіподақ органдарының шешімдерін жүзеге асыру және жарғылық міндеттерді ұтымды орындау аясындағы негізгі баяндаманы Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков жасады.

– 2025 жылы Қазақстан кәсіподақтары қозғалысына 120 жыл, Кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 35 жыл толып, Астанада Кәсіподақтар Федерацясының кезекті ХХVІІ есеп беру-сайлау съезі өтті. Бес жылдық белесті қорытындылаған алқалы жиында, алдағы 5 жылдық, яғни 2025-2030 жылдарға арналған кәсіподақтар қызметінің «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновация» атты стратегиясы қабылданды. Аталған құжатта Еңбек адамына ерекше көңіл бөлінген. Біздің миссия – еңбеккерлердің мүдделерін қорғау, әлеуметтік әділеттілік қағидаларын насихаттау, ынтымақтастықты нығайтып, құрмет пен өзара жауапкершілікке негізделген еңбек қатынастарын қалыптастыру. Бұл ретте біздің қызметіміз бен амал әрекеттеріміз Ынтымақтастық, Әлеуметтік әділеттілік, Инновация, Ашықтық, Инклюзивтілік, Жауапкершілік пен демократия, Кәсібилік сынды Құндылықтар арқылы қалыптасып, сол берік іргетасқа негізделеді, – деді Ерұлан Мағзымбеков. 

Сонымен бірге, Жергілікті кәсіподақтың көрсеткіштеріне тоқталып, әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық мүдделерін қорғау, кәсіподаққа ынталандыру бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталды. 

– Жарғылық міндеттерді жүзеге асыруда есепті жылы облыстық ұйым Комитетінің 2 Пленумы, Атқарушы органның 6 мәжілісі, бірнеше жұмысшы кездесулер өтіп, онда жарғылық талаптармен байланысты перспективалық және ағымдағы жұмыс жоспарымен көзделген сұрақтар қаралып, талқыланды. Бүгінде Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымында Филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімше, 818 бастауыш ұйым жұмыс жүргізіп, онда 63736 кәсіподақ мүшесі-сала өкілі қауымдасқан. Есепті мерзімде Оқу-әдістемелік орталығы 12 көшпелі, 7 стационарлы, 1 вебинар, барлығы 20 семинар ұйымдастырып, 4761 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілі кәсіподақтық оқумен қамтылды. 

Ал Филиалдар бастамасымен өткізген кәсіподақ оқуларда әр сантағы сала өкілі қамтылып, барлығы 2784 адам оқудан өтті.

2015 жылдан бері жарыққа шығатын «Еңбекші» салалық газетінде 2025 жылы 201 мақала жарияланды. Негізгі төл басылыммен қатар республикалық, облыстық мерзімді басылымдарда еңбек дауларын шешу мен болдырмау жолдары, облыстық екіжақты комиссия отырысы, жалақы, еңбекті қорғау мен қауіпсіздігі, кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігі мен түйткілдері туралы мақалалар, ақпарлар мен деректер көрініс тапқан 326 материал, әлеуметтік желіде 550 жазба, телеарналарда 70 ақпараттық хабарламалар мен сюжеттер жарық көрді, – деді кәсіподақ төрағасы. 

Өз сөзінде Ерұлан Мағзымбеков білім беру жүйесіндегі еңбек қатынастарына, ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға тікелей әсер етуші бірер түйткілдерге де назар аударды. 

– Еңбек кодексіне жалақы мөлшерін жыл сайынғы инфляция мөлшеріне индексациялау туралы норманы енгізуге қол жеткізілген жоқ. Сондай-ақ, кез келген жалақының негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын, бюджеттік салада қосымша, үстеме, көтерме ақылары есептелетін, 2015 жылдан бері мүлдем өзгермеген 17697 иеңгені құрайтын ІЛЖ (БДО) мөлшерін ұлғайту да кезек күттірмейтін мәселеге айналғалы қашан?! Мектеп кітапханашыларына «педагог» статусын беріп, біліктілік арттырып, санат үшін төлем енгізіледі деген ұсыныс бастамалар әлі жүзеге аспай отыр. Ал мекеме басшысына берілетін санат 3 жылға ғана жарамды, ал педагог үшін 5 жыл, яғни теңестіру туралы біздің ұсыныстарымыз да әлі қолдау тапқан жоқ. Орта білім ұйымдарында ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін қосымша төлемнің жүзеге асырылуымен байланысты мәселелер үнемі туындайды. 

ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңында аталған қосымша төлемнің алушылары педагогтар ретінде белгіленсе, ал Үкіметтің №1193 Қаулысында және ҚР Білім және ғылым министрлігінің №191 бұйрығында осы төлемді алушылар ретінде мұғалімдер көрсетілген. Педагогтар тізіміне барлық педагогикалық қызметкерлер кірсе, ал мұғалімдер ұғымы тек пән мұғалімдерін қамтиды. Осыған байланысты, аталған қосымша төлемді алушылар тізіміне психолог-педагогтар, әлеуметтік педагогтар және басқа да педагогтар енбеуде, – деді Ерұлан Сәбенұлы.

Сондай-ақ, алқалы жиында 2025 жылы барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 4992 сала өкілі мен отбасы мүшесі қамтылып, оған кәсіподақ қаржысы есебінен жеңілдік ретінде қайтарымсыз бағытталған қаражат 307 миллион теңге құрағанын, оның ішінде 2255 адам шипажай жолдамасына ие болса, 2737 кәсіподақ мүшесі мен отбасы өкілдері түрлі нысандағы тарихи-танымдық сахаттар мен демалыстарға қамтылғаны айтылды. 

Басты әлеуметтік әріптес – білім басқармасымен бірлесе отырып жаңа оқу жылының басталуы мен Ұстаздар күні кәсіби мерекесінде оқу жылында табысты еңбек етіп, нәтижелі жұмыс көрсете білген үздік білім мекемелері мен білікті ұстаздарды ынталандыру мақсатында Тамыз кеңесінде және Мұғалімдер күні мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары мен бірқатар озық ойлы озат ұстаздарды марапаттауға 13 миллион теңге кәсіподақ қаржысы жұмсалған. Жалпы осы тәжірибе енгізілген 2016-2025 жылдары 67 білім мекемесі мен ұйымы, 165 үздік ұстазға облыстық кәсіподақ қаржысынан 71.3 миллион иеңге ынталандыру сыйақысы табысталған. 

Пленумда Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмыс көрсеткіші саналатын құқықтық қызмет жұмысының нәтижелерін Кәсіподақтық құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Жолшыбекова жариялады. Қазақстан Республикасы еңбек заңдылығының орындалуын бақылау мақсатында 2025 жылы құқықтық қызметтің мамандарымен барлығы 563 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 1708 жағдайы анықталған. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша ұйым басшыларына оларды жою туралы жазбаша 526 ұсыныстар жіберіліп, жұмыс берушілерден алынған жауаптар саны – 417.

– Көрсетілген құқықтық қызметтің саны – 11377 құрады. Облыстық білім басқармасымен, қалалық (аудандық) білім бөлімдерімен, жұмыс берушілермен және орталықтандырылған бухгалтериялармен тығыз ынтымақтастыққа байланысты құқықтық инспекция кәсіподақ мүшелерінен келіп түскен ауызша және жазбаша өтініштер негізінде туындаған мәселелерді уақытылы шешуге бар күшін салуда. Мемлекеттік органдарға жолданған ұсыныстар мен түсіндірме беру үшін жолданған сұраныс хаттардың саны – 38. Есептік кезеңде құқықтық қызметтің мамандарымен құқықтық тақырыптарда оқылған лекциялар – 216, кәсіподақ мүшелерімен 47 семинар өткізілді. Құқық қорғау жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 2025 жылы 415000894 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат мәмілегерлік арқылы реттеле отырып, төленді. Құқықтық қызметтің 2025 жылғы жалпы экономикалық тиімділігі 707114009 теңгені құрады. Құқықтық қызметтің мамандарымен кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда сотқа 12 талап арыз дайындалды, түрлі сот инстанциясында 31 рет өкілдік етілді, – деді кәсіподақтың құқықтық қызметінің жетекшісі Әлия Игенбайқызы.

Негізгі баяндамадан кейін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қзылқұлова мен Меркі ауданы білім бөлімінің басшысы Зауре Абдирасилова әлеуметтік әріптестіктің рөлі, оның аясында шешілген мәселелер мен міндеттер туралы айтты. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Мұхтар Талқанбаев педагогтардың біліктілігін арттыру ережесіне байланысты ұсыныстарын жеткізді. Ал Тараз қаласындағы Амангелді атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Жақыпов «Педагог мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін, ұстаздардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, қоғамдағы ең мәртебелі мамандық иесі ретінде танылып, еңбегіне сай жоғары жалақы алуына бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді. Жарыссөзде көтерілген мәселелер мен ұсыныстар талқыланып, содан кейін пленум Қаулы қабылдады. 

Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласып, «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауында жеңімпаз атанған 3 ұстазға кәсіподақ ұйымы атынан шипажайға жолдама берілді. Сонымен бірге, бірқатар сала қызметкерлері ҚР кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, Салалық кәсіподақтың «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан» үлесі үшін төсбелгісімен марапатталды. 
Жиын барысында Пленум мүшелері өздеріне берілген құқық бойынша орган құрамындағы кейбір өкілдерді кері шақырып, орнына өзге сала қызметкерлерін сайлады. 

Жиын барысында талқыланып, ұсыныстар ескеріле отыра облыстық ұйымның 2026 жылға арналған кіріс және шығын сметасы бекітілді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар