Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 13 қараша, 2025
- 180
Отырыс барысында кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалану заңдылығы және олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Отырыста облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Жанаев, облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Н.Оршубеков, Жамбыл облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің еңбек заңнамасын бақылау бөлімінің басшысы Е.Ибраимов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары С.Әлібаеваның баяндамалары тыңдалды.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өңірде «Жасөспірім заң қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» және «Ашық есік» атты түрлі іс-шаралар өткізілген. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін полиция қызметкерлері, білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар ресурстық орталықтары мен прокуратура өкілдерінен құралған мобильдік топтар рейдтік тексерулер ұйымдастырып келеді. Мұндай шаралар жасөспірімдер арасында қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған нақты нәтижелер беріп отыр.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың айтуынша, түнгі уақытта жұмыс істейтін кәмелетке толмағандардың басым бөлігі – студенттер, алайда олардың арасында мектеп оқушылары да бар.
«Жұмыс уақытының кеш аяқталуы жасөспірімдердің қылмыс жасауына немесе қылмыстың құрбанына айналуына ықпал етуі мүмкін. Баланың қауіпсіздігіне тікелей ата-аналар жауапты. Сондықтан олар өз баласының қайда және немен айналысып жүргенін қадағалауы қажет», – деді ол.
Рейд барысында құқыққа қайшы әрекеттерге барған балалар мен жасөспірімдер анықталып, олармен профилактикалық әңгімелер жүргізілген. Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етіп, оларды теріс әрекеттерден сақтандырады.
Кеңестің қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз көшеде жүруі мен қоғамдық тамақтану орындарында (тойханаларда) жұмыс істеуінің алдын алу мақсатында жергілікті полициямен бірлесіп рейдтік шаралар ұйымдастыру;
Жыныстық сипаттағы қызмет көрсету фактілерінің алдын алу;
Кәсіпкерлер мен ата-аналарға қатысты заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті шаралар қолдану;
Балалардың өміріне қауіпсіз жағдай жасау үшін мектеп маңындағы дүкендерде сатылатын тағамдарға мониторинг жүргізу;
Білім беру мекемелерінде құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырмалары берілді.
Кездесу соңында қатысушылар сұрақ-жауап форматында пікір алмасып, отырыс қорытындыланды.
Қазақстанда алғаш рет жүрекке робот операция жасады
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025





