Жамбыл жаңалықтар

Жамбыл облысында шатырда есірткі сақтаған ер адам сотталды

Үкім заңды күшіне енді.

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық соты азамат К.-ға қатысты аса ірі мөлшердегі есірткіні жеке пайдалану үшін заңсыз сақтағаны бойынша істі қарады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Соттың мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар айында жүргізілген профилактикалық тінту барысында полиция қызметкерлері Ақыртөбе ауылының маңындағы салынып жатқан үйдің шатырынан жалпы салмағы 2315 грамм болатын кептірілген марихуананы анықтаған. Есірткі заттары полипропилен қаптарға салынып, жеке пайдалану мақсатында сақталған.

Сот барысында айыпталушының кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, хаттамалармен және заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді.

Мемлекеттік айыптаушы соттан оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал сотталушы өз кінәсін толық мойындап, есірткіні бұрыннан тұтынатынын айтып, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Сот кінәні мойындауын және оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай ретінде бағалады. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен азамат К. ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.