Жамбыл облысында техника жаңару деңгейі 6,5% болады деп жоспарлануда
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Өткен жылы өңірдегі техниканың жаңару деңгейі 8,9 пайызды құраған болса, биыл бұл көрсеткішті 6,5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, 400-ден астам өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынбақ.
Агросектордағы басты мақсат – заманауи техниканы пайдалану арқылы еңбек өнімділігін арттыру және шаруалардың жұмысын жеңілдету. Жаңарған техника егіншілік пен мал шаруашылығында сапалы әрі уақытылы жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда облысқа 61 жаңа техника жеткізілген. Оның ішінде 3 комбайн және 58 трактор бар. Бұл ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарды сапалы орындауға айтарлықтай қолдау болмақ.
Сарапшылардың айтуынша, техниканың жаңаруы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға, шығындарды азайтуға және өндіріс тиімділігін көтеруге жол ашады. Алдағы уақытта жоспарланған 400-ден астам техниканың алынуы агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге шығармақ.