дүйсенбі, 2 ақпан, 2026 20:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда ҚХА мүшелері жаңа Конституция жобасын талқылады

Жамбылда ҚХА мүшелері жаңа Конституция жобасын талқылады
Фото - Jambylinfo.kz
Жиынға облыс әкімі төрағалық етті

Бүгін «Анаға тағзым» орталығында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері жаңа Конституция жобасымен танысып, талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жиында өңіріміздің ішкі бірлігін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор екенін айтқан өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтеріп, оны жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық сын-қатерлерге бейімделу және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру қажеттілігімен байланыстырды. Соңғы жылдары Қазақстан қоғамында белсенділік артты, азаматтар бұрынғыдан да ашық әрі талапшыл бола бастады. Қоғам әділеттілікке, заң үстемдігіне және қабылданатын шешімдердің халық мүддесіне сай болуына деген сұранысты күшейтті. Бүгінгі күні жаңа Ата Заң жобасы халық арасында кеңінен талқылануда. Конституциялық комиссия отырыстары ашық жүргізілуде. Бұл еліміздің азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруға деген берік бастамасы. Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды негізі адам құқықтарының заңнамалық тұрғыда бекітілуі, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Еске сала кетейік, қаңтай айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы осы қоғамдық талқылаудың қорытындыларын жасады. Алғашқы жоспар бойынша Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу көзделген болса, халықтан түскен ұсыныстар реформаның әлдеқайда кең болатынын көрсетті.
Осы кезеңнен кейін Конституциялық комиссия құрылды. 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған комиссия құрамында 130 адам бар, оның ішінде Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушы ғалымдар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері болды.  Бүгінде аталған құзыретті құрылымның дайындаған құқықтық құжаты 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Жаңа Ата Заң жобасы бүгінде ел аумағында кеңінен таныстырылып, талқылануда.

– Әділетті мемлекет пен қауіпсіз қоғам құру баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бұл ретте жаңа Ата Заң жобасында Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары нақтыланды. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақты көрсетілді. Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалды. Біз қазір ел тарихында жаңа кезеңінің бастауында тұрмыз. Сондықтан болашағымыз үшін дұрыс таңдау жасауымыз қажет, – деді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі Асқарбек Сейілхан.

Жиын соңында аймақ басшысы этно-мәдени бірлестік өкілдеріне жаңа Ата Заң жобасын қабылдайтын жалпыұлттық референдумда белсенділік танытуға шақырды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар