Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда химия өнеркәсібі қарқын алды: Сала өңдеу өндірісінің 45,5%-ын құрайды

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Жамбыл облысының химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі қарқынды өсті.

   Алты айдың қорытындысы бойынша салада 183,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (122,9 млрд теңге) айтарлықтай өсім байқалды. Нақты көлем индексі 126,4 пайызды құрап, бұл бағыттың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 45,5 пайызға жетті.

Өңірдегі химия саласының негізгі тірегі ірі кәсіпорындар болып отыр. Солардың қатарында «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» филиалы, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» ЖШС және «Talas Investment Company» ЖШС бар. Сонымен бірге, аймақтағы шағын кәсіпорындар да өндірістің дамуына өз үлесін қосып келеді.

«Қазфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар шығару ісінде көш бастап тұр. Кәсіпорын фосфорлы және азотты тыңайтқыштар өндірісіне маманданған. Ал «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» сары фосфор және оның қосындыларын өндіруде жетекші орынға ие. Бұл өнімдер тек ішкі нарықта ғана емес, экспорттық бағытта да сұранысқа ие.

Сондай-ақ, «Talas Investment Company» ЖШС өндірісінде натрий цианиді мен аммоний сульфатының көлемі артып келеді. Мұндай өнімдер алтын өндіру, металлургия және ауыл шаруашылығы салаларында кеңінен қолданылады. Сарапшылардың пікірінше, химия өнеркәсібіндегі бұл қарқынды даму облыстың индустриялық әлеуетін арттырып, экономиканың тұрақты дамуына серпін беруде.