Жамбылда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді
Бұл іс-шара өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың санын азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жамбыл облысында қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, қылмыстың алдын алуға және кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын орнықтыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Рейд барысында басты назар әкімшілік құқық бұзушылықтарды уақытында анықтап, олардың жолын кесуге, сондай-ақ қылмыстардың алдын алуға аударылуда. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлері тексеріліп жатыр. Бұрын сотталғандар, шартты түрде сотталғандар және құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалар ерекше бақылауда.
Бұған қоса, көші-қон заңнамасының сақталуы да қатаң қадағаланып отыр. Шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тараптар тексеріліп, заңсыз болу, тіркеу талаптарын бұзу және еңбек қызметіне қатысты заңбұзушылықтар анықталуда.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері халық арасында құқықтық мәдениетті көтеру және құқық бұзушылықтарға төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.