Жамбылда Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты жиын өтті
Іс-шараға құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ өңір тұрғындары қатысты.
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ өңір тұрғындары қатысты.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров көпшілікті Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.



Мерекелік жиын барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен бірқатар азаматқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.

Салтанатты кеш Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері мен «Оңтүстік» өңірлік әскерлері өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Әсем ән мен күмбірлеген күй, патриоттық рухтағы қойылымдар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе Отан, ерлік, батырлық тақырыбындағы шығармалар кештің мазмұнын аша түсті.

Кеш соңында көрермендер ұзақ уақыт қол соғып, өнерпаздарға ризашылықтарын білдірді.

Бұл – тек мерекелік іс-шара ғана емес, елдік рухты көтеретін, өткенге тағзым жасап, болашаққа сенім ұялататын маңызды басқосу болды. Мұндай тағылымды жиындар ұлт жадын жаңғыртып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде айрықша рөл атқарады. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат. Ал сол аманатты сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
