Жамбылда спорт саласының үздіктері марапатталды
Биыл жерлестеріміз республикалық және халықаралық ресми спорттық жарыстарда 1856 медальға ие болды
Спорт саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізген жамбылдық спортшыларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен іс-шараға үздік спортшылар, жаттықтырушылар мен сала ардагерлері арнайы қатысты. Бұл күні ең әуелі көпшіліктің назарына осы жылы өңіріміздің спорт саласындағы жеткен жетістіктері топтастырылған бейнеролик ұсынылды. Мұнан соң сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев нақ осы саладағы толайым табыс – ерік-жігері мықты спортшылар мен тәжірибелі жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының нақты көрінісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыс аумағында дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін 2 465 нысан тұрақты жұмыс істейді. Мұндағы 112 спорт кешені осы жылы ел игілігіне берілген. Нәтижесінде, жүйелі түрде спортпен шұғылданатындардың қатары 44,8 пайызға жеткен.