Жамбылдағы 3 туристік нысанға алып баратын 35 шақырым автожол салынды
- авторБақытжан Бекболат
- 6 қараша, 2025
- 223
Жамбыл облысында туризм инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 34,8 шақырым болатын автожолдар салынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жергілікті бюджет есебінен 1 млрд. 186 млн. теңге бөлініп, «Koksai resort» (19,5 шқ), «Таскөл» (2,8 шқ) және «Алмалы» (12,5 шқ) демалыс аймақтарына апаратын жолдар толықтай пайдалануға берілді. Нәтижесінде туристердің аталған нысандарға жайлы әрі қауіпсіз жету мүмкіндігі артты.
2024 жылы 199 107 турист Жамбыл жеріне ат басын бұрды. Олардың басым бөлігі Ресей, Қытай және Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар. Биылғы жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша өңірге 99 852 турист келіп, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға артқан.
Соңғы екі жылда туристерге көрсетілген қызмет көлемі 1,8 млрд. теңгеден 3,6 млрд. теңгеге дейін өскен.
Жамбыл облысы – тарихи-мәдени мұраға бай өңір. Мұнда 3 510 тарихи ескерткіш бар. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Баласағұн, Құлан, Өрнек, Костөбе қалашықтары мен «Ақыртас» кешені аймақтың туристік әлеуетін арттырып отыр. Бұған қоса, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар бар, ал тау бөктерінде 30-дан астам шатқал орналасқан.
Қазіргі таңда өңірде 224 туристік орналастыру орындары, 395 тамақтану пункті, 7 шипажай, 90 демалыс аймағы, 11 балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Сонымен қатар 19 туристік компания және 25 көлік қызметін ұсынушы субъектілер туристерге өз қызметтерін ұсынуда.
Облыстың негізгі туристік нысандарының саны – 45, олар бойынша 10 бағыттан тұратын туристік маршруттар әзірленген.
Соңғы жылдары кәсіпкерлердің туризм саласындағы инвестициялық белсенділігі артып келеді. Бүгінде жалпы құны 27,3 млрд. теңгені құрайтын, 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 430 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы үш ірі туристік нысан – Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараз қаласындағы «Зербұлақ» аквапаркі іске қосылды.
Биыл жалпы құны 6 млрд. теңге болатын 10 туристік нысанды (10 жұмыс орны) пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жобалар облысымызға 170 мың туристің келуіне ықпал етеді.
Бүгінгі күнге дейін 9 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, Тараз қаласында тарихи кешен, этно-мейрамхана және аквапарк, Байзақ, Жамбыл аудандарында 3 жол бойындағы сервис кешені, Шу ауданында жаңа демалыс аймағы, Талас ауданында мұз айдыны, ал Т. Рысқұлов ауданында этноауыл кешені өз жұмысын бастады.
Жыл соңына дейін Шу ауданында жол бойындағы сервис кешені ашылады деп күтілуде.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






