Жамбыл жаңалықтар

Жамбылда жыл соңына дейін 10 медициналық нысан жаңғыртудан өтеді

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

2025 жылы Жамбыл облысында денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту мен салу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1,4 млрд теңге бөлініп, 5 жаңа нысанның құрылысы қолға алынған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Атап айтқанда:

Қордай және Талас аудандарында бір ауысымда 90 келушіге арналған екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр;

Қордай ауданы, Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын емхана бой көтеруде;

Меркі аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімшесі (литер А) қайта жаңғыртылуда;

Сонымен қатар, сол ауруханаға компьютерлік томограф орнатуға байланысты ғимаратты бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, 1,5 млрд теңгеге 5 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді.

Бүгінде Қордай ауданында бір ауысымда 45 адам қабылдай алатын дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде:

Денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 2024 жылғы 46,05%-дан 2025 жылы 42,3%-ға дейін төмендейді;

Медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 91,64%-дан 92,9%-ға жетеді.

Бұл бастамалар өңір тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.