жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:11

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық мұғалімдерге жасанды интеллект технологияларын енгізу жобасы түсіндірілді

Жамбылдық мұғалімдерге жасанды интеллект технологияларын енгізу жобасы түсіндірілді
Фото - ашық дереккөз
Аталған жоба ұстаздарға ЖИ құралдарын білім беру процесіне тиімді қолдануға мүмкіндік бермек

Тараз қаласындағы №30 мектепте «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен білім беру саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу жобасын түсіндіру бойынша педагогтермен кездесу өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  

Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында ұйымдастырылды. Ел Президенті ЖИ-дің маңыздылығын атап өтіп, оны мектеп қабырғасынан бастап енгізу қажеттігін атап өткен болатын. 

Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «AMANAT» партиясы бірлесіп, «Ustazga AI» атты арнайы жобаны іске қосты. Аталған жоба ұстаздарға ЖИ құралдарын білім беру процесіне тиімді қолдануға мүмкіндік бермек. 

Жиынға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек, «Daryn.Online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов, сондай-ақ, білім басқармасы мен аудандық, қалалық бөлімдердің мамандары, мектеп директорлары мен мұғалімдер қатысты.

Кездесуде партия облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Уалихан Болатбек жобаның мақсат-міндеттері мен тиімді тұстары кеңінен түсіндіріп, мұғалімдердің қызығушылығын тудырып отырғанын жеткізді. Іс-шара педагогтердің ЖИ технологияларын меңгеруіне жол ашып, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін де тілге тиек етті.

– Биыл ақпан айында іске қосылған «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы қарттар, балалар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды цифрлық қауіпсіздік негіздеріне оқытуға, киберқауіпсіздікті арттыруға және қоғамның жалпы цифрлық сауаттылығын көтеруге бағытталған. Жоба бастапқыда 5 өңірде пилоттық режимде басталып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде кеңейтіліп жатыр.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес жаңартылды. 

Осыған орай, «AMANAT» партиясы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, педагогтерге жасанды интеллектті оқу процесіне тиімді енгізуге бағытталған «Ustazga AI» жобасын қолға алып отырмыз, – деді Уалихан Болатбек.

Айта кетейік, жоба үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде ұстаздар «Жасанды интеллект – педагогтың көмекшісі» атты тегін онлайн курстан өтеді. Бұл кезең 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұл жөнінде жиын барысында «Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов мәлімдеді. Келесі кезеңде өңірден жобалары іріктелінгіп алынған 400 мұғалім «Мұғалім AMANAT» педагогикалық хакатонына қатысады. Ал, соңғы кезеңде Хакатоннң 20 жеңімпазы 2026 жылдың маусым айында Оңтүстік Кореяда өтетін 7 күндік халықаралық тағылымдамаға қатысуға мүмкіндік алады.

– «Ustazga AI» жобасы – ұстаздардың заманауи технологияларды, әсіресе жасанды интеллектті тиімді пайдалануына жол ашатын жаңа мүмкіндік. Басты мақсат – мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін заманауи құралдармен байыта отырып, білім сапасын арттыру. 

Жасанды интеллект – бұл болашақтың емес, бүгіннің құралы. Сондықтан ұстаздарымыз осы мүмкіндікті дер кезінде меңгеріп, оны күнделікті тәжірибесінде дұрыс қолдана білсе, бұл оқушылардың да, мұғалімнің де жұмысын жаңа деңгейге көтерері анық.

Жоба аясында мұғалімдерге теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, нақты білім мен дағдылар беріледі. Бүгінгі білім беру саласының дамуы технологиямен тығыз байланысты болғандықтан, біз ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды цифрлық жаңғыруға бейімдеуге дайынбыз, – деді Daryn Ustaz» орталығының директоры Ерлан Абдиманапов.

Педагогтерге жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануды үйрету – білім беру сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар мұғалімдердің жүктемесін азайтып, оқыту процесін жаңғыртуға септігін тигізеді. Осыған орай, барлық білім беру ұйымдарының мамандары «Ustazga AI» жобасына белсенді қатысып, заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік ала алады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар