Жамбылдық жастардың бір шоғыры «Ақылды ферма» жобасын жасап, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін әкелуде
- авторБақытжан Бекболат
- 18 тамыз, 2025
- 509
Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылындағы Ақтоған мектебінің оқушылары мал шаруашылығына бағытталған жоба ойлап тапты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Көгершін ауылы аты әлемге танылған Абсент сәйгүлігімен белгілі болса, мұндағы жастар осы асылтұқымды жылқы шаруашылығын мықтап дамытуды көздеп отыр. Мектеп оқушылары жылқы фермаларында жұмыс істейтін малшылардың ауыр еңбегін көріп, информатика пәнінен дәріс беретін мұғалімімен бірге «Ақылды ферма» жобасын әзірлеп шығарған. Бұл жобалары республикалық Fibonacci Robot Olympiad байқауына қатысып, ІІ орынды жеңіп алған.
– Былтыр ізденімпаз оқушыларымызбен бірге ғылыми жаңалықтарымызбен Алматы қаласында өткен республикалық байқаудан ІІІ орын алған едік. Кейін Астана қаласында ұйымдастырылған байқаудан ІІ орынды олжаладық. ІІ орынды жеңіп алған «Ақылды ферма» жобамыз негізінен жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған. Ауылымыз ертеден Абсент тұлпары арқылы аты әлемге танылған. Содан бері мұнда жылқы бағумен айналысатын бірнеше шаруа қожалығы бар. Онда жұмыс істейтін адамдар жылқыға жем-шөбін, суын беріп, астын қолмен тазалап ауыр бейнет шегеді. Осыны ескере отырып, оқушыларыммен ақылдаса келе сол малшылардың жұмысын жеңілдететін жоба әзірледік. Қазір бірнеше адам еңбектеніп жүрген фермада біз әзірлеген жобаны іске қосса, барлық жұмысты 2 адам ғана атқара алады. Себебі барлық жұмыс тетіктер арқылы іске асады. Тек 2 адам соларды бақылап жүрсе жеткілікті. Тіпті, беймезгіл уақытта ұры түссе немесе өрт шығып, әлде газ иісі сезілсе, бақылаушының ұялы телефонына белгі беріледі. Адамға хабар бере отырып, тетіктер құтқару жұмыстарын өздері атқара береді. Яғни, ешкімді күтіп отырмайды. Бұл – уақытты жоғалтпай, шығынға ұрындырмай, қауіптің алдын алу деген сөз. Бұдан бөлек, фермадағы күнделікті үздіксіз жүргізілетін малдарға жем-шөбін, суын беру, астын тазалау, іші ысыса желдеткішті қосу сынды жұмыстар автоматты түрде жүзеге аса береді. Бұл жобамызды ауылдағы қожалық иелеріне көрсетіп, олар қызығушылық танытып, бізге роботтар дайындауға көмектесеміз деп қуантты. Алдағы уақытта осы «Ақылды ферма» еңбек нарығына еніп, ауыл шаруашылығымен шұғылданатын азаматтардың игілігіне жараса одан асқан арманымыз жоқ, – деді оқушылардың жаңа жобасына жетекші болған ұстаз Бағдат Баягизев.
Бекназар Маратбек, Қайыржан Орынбасар, Нұртас Балтабай, Темірхан Шәкен, Омар Қайыржан сияқты ізденімпаз балалар осылайша өз идеяларын жан-жақты дамыта отырып, елге пайдасы тиер іс жасағысы келеді.
Айта кетейік, «Ақылды ферма» жобасын әзірлеуде информатика пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұрасбек Байшемиров те ерекше үлес қосқан.
– Қазір білім, ғылым жолында ізденетін жастарға қолдау аз емес. Соның нәтижесінде жемісті жобалар жүзеге асуда. 2018 жылы мектебімізде ІТ сыныбы ашылған болатын. Сол сыныпта оқушыларға сабақ өтумен қатар, робототехника бойынша ғылыми жоба дайындап, жеке ізденемін деген балаларға мүмкіндік берілуде. Мектеп оқушыларының ғылыми жобалар жарысынан олжалаған жеңістері – білімге деген құштарлықтың, үздіксіз еңбектің және нағыз ұжымдық рухтың жемісі. Жас робототехниктеріміз болашақта үлкен табыстар мен жаңа белестерді бағындырып, ғылымды тың қырынан танытатынына бек сенімдімін, – дейді Мұрасбек Дүйсембекұлы.
Астана қаласында өткен республикалық байқауға 650 команда, 2000-ға жуық оқушы мен 250-ден аса мұғалім қатысқан. Осындай дүбірлі додада жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орын алған Ақтоған шағын орталықты орта мектебінің оқушылары «Көгершін» тобы атауымен бақ сынаған. Ал топ жетекшісі Нұрсұлтан Болатбек достарымен бірге ауылдастарының игілігіне жарайтын жаңа жобаларды дайындауға тағы ізденіс үстінде жүргендерін айтады.






