Жамбыл жаңалықтар

Жуалы ауданында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындармен кездесу өтті

Жуалы ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында қойылған міндеттерге сәйкес «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау мақсатында мазмұнды кездесу өтті.

Президент өз сөзінде бұл жұмысты кешенді түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталып, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру – ел болашағы үшін аса маңызды екенін ерекше атап өткен болатын.

Аталған тапсырманы орындау аясында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Жуалы ауданына іссапармен келіп, аудан тұрғындарымен кездесті. 

Аудан әкімдігінде өткен келелі жиынға облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Аңдасов, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, сала мамандары және жастар қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, алғашқы сөз кезегін Бауыржан Жанаевқа ұсынды. Өз сөзінде ол 2025 жылдың алғашқы 6 айында облыс бойынша 49 149 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелгенін, оның ішінде 1192 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 425 азамат қылмыстық әрекеті үшін қамауға алынғанын, 1237 тыйым салынған заттың тәркіленгенін жеткізді.

Аймақ бойынша жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыстар 20 пайызға, көше қылмыстары 18,6 пайызға азайған. Ал Жуалы ауданында жалпы қылмыс деңгейі – 16,4 пайызға, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар – 50 пайызға, бұрын сотталғандар жасаған заңбұзушылықтар – 50,3 пайызға төмендегені мәлім болды.

Баяндамашы жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, ішімдік пен есірткіге қарсы күрес және интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында бірлескен жұмыс қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, әр құқықбұзушылық дерегінің артында нақты адам тағдыры тұр. Сондықтан бұл мәселеге қоғам болып бейжай қарамау қажет.

Кездесуде сөз алған Жуалы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейтбеков орталықтың 11 бағытта жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндап, тұрғындардың құқықтық сауатын көтерудің маңыздылығын жеткізді. Өз құқығын білу және оны қорғау – өркениетті қоғамның негізі екенін айтты.

Жиын барысында өзге де сала өкілдері баяндама жасап, бірқатар ұсыныстар айтылды. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов  тәртіпке бағыну – мәжбүрлік емес, саналы таңдау болуы тиіс екенін баса айтты.