Жамбыл жаңалықтар

Жуалыда алаяқтықпен алынған 500 мың теңге сот арқылы иесіне қайтарылды

Бұл туралы Жуалы аудандық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді

Жуалы аудандық соты крипто-алаяқтық салдарынан зардап шеккен азаматшаның мүддесін қорғап, шешім шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Азаматша С. азамат М.-ға қатысты негізсіз байыту сомасын өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, өзіне тиесілі 500 мың теңгені үшінші тұлғалардың нұсқауымен жауапкер М.-ның банктік шотына аударған. 

Кейін белгілі болғандай, бұл әрекет криптовалюта сатып алу сылтауымен жасалған алаяқтық схема болған.

Жауапкер М. сот барысында талап қоюшыға «O…» қосымшасы арқылы USDT криптовалютасын сатқанын мәлімдеген. Алайда сот екі тараптың да бір-бірімен таныс емес екенін, олардың арасында ешқандай келісімшарттық немесе өзге де құқықтық қатынастар болмағанын анықтады.

Сонымен қатар, аталған «O…» криптовалюта биржасының «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы болып табылмайтыны, яғни Қазақстан Республикасының аумағында қаржы операцияларын заңды түрде жүзеге асыруға құқығы жоқ екені белгілі болды.

Сот отырысында талап қоюшыдан жауапкердің карточкалық шотына ақша қаражатының түскені дәлелденді. Алайда жауапкер бұл қаражаттың заңды негізде алынғанын растайтын дәлелдер ұсына алмады.

Нәтижесінде, сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына 555 мың теңге өндіріп алынды. Бұл сомаға негізсіз байыту ретінде алынған қаражатпен қатар мемлекеттік баж және өкілдік шығыстар да кіреді. 

Қазіргі таңда сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.