Жуалыда таза ауызсу өндіретін жаңа зауыт іске қосылды
- авторБақытжан Бекболат
- 1 тамыз, 2025
- 1.7k
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен Жуалы ауданында ауызсу өндіруге бағытталған жаңа өндіріс орны – "Ақсай Жуалы" ЖШС алғашқы өнімін шығара бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2023 жылы құрылысы басталған зауыттың жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды. Қазірдің өзінде кәсіпорын тәулігіне 10-15 тонна таза ауызсу өндіріп отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 50-60 тоннаға дейін артады деп күтілуде. Бұл – тек Жуалы ауданы ғана емес, Жамбыл облысы мен көршілес өңірлерді де сапалы ауызсумен қамтуға зор мүмкіндік береді.
"Ақсай Жуалы" брендімен шығатын ауызсу өнімдері 0,5 л, 1 л, 1,5 л және 5 литрлік құтыларда тұтынушыға ұсынылады. Суды сүзу, тазарту және бөтелкеге құю үдерістері толықтай автоматтандырылған заманауи желілер арқылы жүзеге асады. Барлық санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталады. Цехтың жылыту жүйесі табиғи газбен қамтамасыз етілген, бұл экологиялық жағынан тиімді шешім болып табылады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Келешекте мұнда 50-60 адамға дейін жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына оң әсер етіп, жастардың туған жерде тұрақтап қалуына мүмкіндік береді.
Жобаның маңыздылығын атап өткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев:
— Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесіне айрықша назар аударып келеді.
Бұл – ел экономикасын дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты тетіктерінің бірі. Осы орайда, бүгін Жуалы ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған жаңа өндіріс – «Ақсай Жуалы» минералды су шығаратын кәсіпорынның іске қосылуы – аталған міндеттің нақты орындалуының жарқын көрінісі. 2023 жылы құрылысы басталған бұл жоба жалпы құны 400 миллион теңгені құрап, аудан экономикасына тартылған қомақты инвестиция ретінде бағаланады.
Аталған жоба тек экономикалық қана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Оның басты мақсаты – жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың өмір сүру сапасын арттыру. Өңіріміздің табиғи ресурстары мен қолайлы климаттық жағдайы сапалы ауыз су өндіруге зор мүмкіндік береді, – деді.
Бүгінде "Ақсай Жуалы" өнімдері облыстың бірнеше аудандарында және көршілес өңірлерде саудаға шығарылуда. Бұл кәсіпорын болашақта Жуалы өңірінің брендіне айналып, отандық нарықта өз орнын табатынына сенім мол.






