жұма, 5 желтоқсан, 2025 14:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жуалылық диқандар мол өнім жинады

Жуалылық диқандар мол өнім жинады
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл туралы Жуалы ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мәлімдеді

Жуалы ауданы — ауыл шаруашылығын негізгі тірек еткен, егін және мал шаруашылығы қатар дамыған өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауа райының тұрақсыздығы мен құрғақшылық жағдайларына қарамастан, аудан шаруалары табандылық танытып, жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде орындап келеді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 40 374,0 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7 пайызға жетті. Бұл нәтижелер аудандағы шаруашылықтардың жүйелі жұмысы мен агротехникалық талаптардың сақталуының арқасында мүмкін болған. 

"Биылғы жылы негізгі дәнді дақылдар – жаздық арпа мен күздік бидайдың ору жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Жаздық арпа 28 192 гектар жерге егілген болса, соның 26 848 гектары толық жиналды. Өнімділік гектарына орта есеппен 6,8 центнерді құрап, жалпы 18 473 тонна астық жиналды. Ал 1 344 гектар жер оруға келмейтін деп танылды.

Күздік бидай бойынша да оң нәтижелер байқалды. Бұл дақылдың егіс көлемі 11 206 гектарды құрап, соның 11 031 гектары толық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,2 центнерді құрап, жалпы 9 315 тонна астық қамбаға түсті.

Жалпы алғанда, аудан бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 7,4 центнерді құрады. Жиналған жалпы өнім көлемі 27 595 тоннаға жетті", – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.

Жер өңдеп, сала жұмысын жеңілдету ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы зор деп айтуға болады. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының саны – 730 бірлікті құраған. Оның ішінде, 369 дана доңғалақты трактор, 127 дана соқа, 149 қопсытқыш, 60 дәнсепкіш, 5 дәнулағыш және 20 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға келсек, биылғы жоспар – 104 дана (1 комбайн, 44 трактор, 59 тіркеме). Бүгінгі күнге жалпы сомасы 393,5 мың теңгеге 58 жаңа техника сатып алынды (23 трактор – 275,1 миллион теңге, 35 тіркеме – 118,4 миллион теңге). Орындалуы 5,8 пайыз.

"Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына көктемге 2766,4 тонна, ал күзгі дала жұмыстарына 556,5 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Дизельді таратушы оператор болып «Ақ Қайың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекітілген. Ауданда агроөнеркәсіп кешенін несиелеу де жолға қойылған деп айтуға болады. 2025 жылы «Жуалы» несие серіктестігінен «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 20 шаруашылық 221,9 миллион теңге қаражат алды. Ал «Агробизнес» бағдарламасымен 9 шаруашылық 115,3 миллион теңге несие алып, онымен қоса 2 шаруашылық 40 миллион теңгеге өтінім беріп отыр. «АгроНесиеКорпорация» акционерлік қоғамынан «Кең дала» бағдарламасымен көктемгі дала жұмыстарына 21 шаруашылық 273,9 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыс атқару үстінде", – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар