Жамбыл жаңалықтар

Жуалылық полицейлер оқушыларға ерекше форматта құқықтық сабақ өткізді

Бұл шара оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, қылмыстың алдын алу және теріс әрекеттерден сақтану жолдарын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

 Қарасаз ауылдық округіндегі №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте 2025 жылғы 14 қарашада «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында «Қылмыстың алып барар жолы – қараңғылық» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Дөңгелек үстелге Жуалы аудандық ювеналды полиция капитаны Б. Мамытов, «Жастар ресурстық орталығы» КММ заңгері Н. Ахметов және ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі маманы А. Халмухамбетова қатысты. Қатысушылар өз сөздерінде құқық бұзушылықтың әртүрлі түрлері, олардың салдары, сондай-ақ оқушылардың өз қауіпсіздігін сақтау жолдары туралы нақты мысалдар келтіріп, түсіндірді.

Шара барысында оқушыларға қылмыстың әлеуметтік және құқықтық салдары түсіндіріліп, жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған интерактивті тапсырмалар мен пікірталастар жүргізілді. Сонымен қатар, қатысушылар оқушыларды заңды бұзудан сақтандыру жолдарын айтып, теріс әрекеттерге жол бермеу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты құқықтық тұрғыдан сауаттандыру, олардың моральдық және азаматтық жауапкершілігін арттыру, сонымен қатар қылмыстың алдын алу арқылы қоғамда қауіпсіздік деңгейін көтеру болды.

Мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушылар шараны тұрақты түрде өткізуге ниетті екенін атап өтті, бұл құқықтық тәрбиені күшейтудің және оқушылардың болашақта жауапты азамат болып өсуіне үлес қосатын маңызды қадам болып саналады.