Ақтөбе облысында 128,9 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Жалпы ауданы 176,4 мың гектарды құрайтын 94 учаскені тексеру жоспарлануда
Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі 160 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтару жоспарын бекіткен.
Өткен жылғы тексеру нәтижесінде 53 учаске заң талаптарына сәйкестендірілді, төртеуі мемлекетке қайтарылды, үшеуіне айыппұл санкциялары қолданылды.
Аудандарда жайылымдарды басқару жоспарлары әзірленіп, олар жергілікті мәслихаттардың қарауында жатыр. Алға және Мәртөк аудандарында жайылым тапшылығы байқалады, бұл мәселені қайтарылған және резервтегі жерлер есебінен шешу жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін облыс әкімі Асхат Шахаров өткізген жиында жер – стратегиялық ресурс екенін, оны ұтымды әрі әділ пайдалану ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің, инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысының дамуына тікелей әсер ететінін атап өткен болатын.
Ол жерлердің мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуді және халық шағымдарына дер кезінде жауап беруді тапсырды.