Ақтөбеде жоқ пәтерлерді жалға берген күдікті ұсталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 7 қараша, 2025
- 221
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен Ақтау қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Тергеу барысында оның интернет платформасында жалған хабарландырулар орналастырып, азаматтарды алдағаны анықталды. Күдіктінің әрекетінен алты адам зардап шеккен, оның үшеуі Ақтөбеден, қалғандары Алматы мен Түркістан облыстарынан.
Жәбірленушілер Алматы қаласынан пәтер жалға алмақ болып, 20 мыңнан 130 мың теңгеге дейін алдын ала төлем жіберген. Ақшаны алған соң күдікті байланысын үзген. Осылайша ол шамамен 300 мың теңге иеленіп, қаражатты құмар ойындарға жұмсаған.
Күдікті пәтер иелерінен қосымша фото мен бейнешолу сұрап алып, сол материалдарды пайдаланып өз атынан арзан бағада жалған хабарландырулар жариялаған.
Қазір оған қатысты бірнеше эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, басқа өңірлерде де оның іс-әрекеттері тексерілуде.





