Жаңалықтар

Алматы мен Шымкентті байланыстыратын төрт жолақты күре жол толық іске қосылды

Алматы облысында Ұзынағаш – Отар автожолының ресми ашылуы өтті.

 Бүгін Алматы облысында 42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» жолының ашылуы өтті. Аталған жолдың іске қосылуымен магистралді жаңарту толығымен аяқталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Енді Алматыдан Шымкентке дейінгі жол толық төрт жолақты болып, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы болмақ.

Ашылу салтанатына ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және өңір ақсақалдары қатысты. Рәсімде қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жол арқылы алғашқы болып 15 көліктен тұратын автоколонна жүріп өтті.

Сонымен қатар жолды ашу салтанатының аясында жобаны іске асыруға ерекше үлес қосқан жұмысшылар марапатталды. Оларға ведомстволық медальдар, Алғыс хаттар және Көлік министрлігінің Құрмет грамоталары табысталды.

Айта кетейік, бүгін ашылған «Ұзынағаш – Отар» күре жолында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылы басталып, небәрі екі жылда толық аяқталды. Жобаға 163 бірлік техника, 290 маман жұмылдырылып, екі асфальт-бетон зауыты мен төрт жол-құрылыс басқармасы жұмыс істеді.

42 шақырымдық «Ұзынағаш – Отар» тасжолының ашылуымен Алматы мен Шымкент арасындағы жол толық төрт жолақты болып, жүріп-тұру әлдеқайда ыңғайлы, әрі қауіпсіз болмақ. Бұл магистральдің өткізу қабілетін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартады және өңірлер арасындағы көлік байланыстарын нығайтып, Орталық Азия мемлекеттерімен экономикалық қатынастарды одан әрі күшейтері сөзсіз.