Алматы метросының құрылысына шетелдік компаниялар тартылуы мүмкін
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- Бүгін, 10:35
- 53
Алматы метросының құрылысына шетелдік компаниялар тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алматыдағы метроның жаңа бағыттарын салу барысында шетелдік мердігерлерді тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұған негізгі себеп – арнайы техниканың жетіспеушілігі салдарынан құрылыс жұмыстарының баяу жүруі.
«Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуовтың сөзінше, Қытай мен Мәскеу секілді ірі қалаларда ірі инфрақұрылымдық нысандар әлдеқайда қысқа мерзімде бой көтереді. Мысалы, қытайлық компаниялар жеткілікті техникасының арқасында бір метро желісін шамамен екі жылда аяқтай алады. Ал Алматыда тоннель қазуға арналған жабдықтардың аздығы құрылыс қарқынын тежеп отыр.
Сонымен қатар Асхат Сәдуов метроға құйылатын инвестициялар ұзақ мерзімде толықтай өзін ақтайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта жоба бойынша нақты келісімдер жасалған жоқ, тараптар техникалық-экономикалық негіздеме мен қаржыландыру көлемінің айқындалуын күтіп отыр.





