Алматыда аптап ыстыққа байланысты өрт қаупінің 5 деңгейі енгізілді
- авторАрайлы Жақсылық
- 27 шілде, 2025
- 567
«Жыл басынан бері құрғақ шөптерді шабу және жану аймағына тосқауыл қою шараларына қарамастан, қалада 300-ден астам құрғақ шөптің жану оқиғасы тіркелді. Олардың кейбірі таулы аймақтағы өртке ұласып, тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Қазіргі таңда дауылды ескертуге сәйкес, Алматыда 28 шілдеге дейін +35…+39 градусқа дейін аптап ыстық сақталады. Қала маңында өрт қаупінің 5 деңгейі енгізілді. Мұндай жағдайда тіпті кішкентай ұшқынның өзі үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Қала әкімдігімен бірлесіп, 104 шақырым аумақта құрғақ шөптерді шабу жұмыстары жүргізілуде», – делінген жексенбіде таратылған хабарламада.
Қала тұрғындары мен қонақтарына от жағуға, шылым шегуге және құрғақ шөптің жанында өсімдіктерді өрттеуге тыйым салынатыны ескертілді.
Сондай-ақ қауіпсіздік үшін келесі ережелерді сақтау ұсынылды:
– электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге, бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғы қоспауға;
– балаларды автокөлікте жалғыз қалдырмауға;
– күн астында ұзақ жүрмей, ыстық соғу мен күн өтіп кетуден сақ болуға.
Егер өрт салдары орын алса, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«Әсіресе, құрғақ шөпті қасақана өртейтін адамдар ерекше қауіп төндіреді. Олар кейде аула аумағын тазарту үшін немесе бақша маңындағы қураған шөп пен қоқысты өрттейді», – деп атап өтті ТЖД.





