Алматыдағы "Байсат" сауда орталығы аукционға қойылды
Аукционға қатысу үшін үміткерлерден 2,86 миллиард теңге көлемінде кепілдік жарна енгізу талап етіледі.
Алматы қаласында орналасқан "Байсат" көтерме-бөлшек сауда орталығы аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Нысанның бастапқы құны 28,6 миллиард теңге көлемінде белгіленген, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған ақпарат Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ресми сайтында жарияланған. Сауда процесі E-Qazyna электронды платформасы арқылы жүргізіледі. Лот сипаттамасына сәйкес, аукционға компанияның 100 пайыздық үлесі қойылып отыр.
Құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сай, сауда орталығының жарғылық капиталы 26,3 миллиард теңгені құрайды. Бағалау кезіндегі табысы 2,7 миллиард теңге, ал таза пайдасы 1,2 миллиард теңге болған.
Компания сауданың заң талаптарына сай ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға бағытталып, әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалатыны белгілі болды.
Айта кетсек, бұған дейін бұл компания "Бата", "Беташар", "Сүйіндір" атты коллекциялық монеталар мен 14 эксклюзивті қолсағатты аукцион арқылы сатып, жалпы сомасы 117 миллион теңге көлемінде табыс түсірген болатын.