Астанада 101 мен 112 қызметтері біріктірілді
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Астанада 101 және 112 қызметтері біріктіріліп, бірыңғай жедел ден қою жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ТЖМ-ға gov.kz сілтеме жасап.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» қызметінің жаңартылған жоспарлау және жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
Орталықта ауқымды жаңғырту жұмыстары атқарылып, заманауи цифрлық байланыс жүйелері енгізілді. Қалалық «Сергек» бейнебақылау жүйесімен біріктірілген бейнеқабырғалары бар бірыңғай операторлық зал жасақталды.
Сондай-ақ тәулік бойы кезекшілік атқаратын қызметкерлер мен олардың демалысына арналған бөлмелер жаңартылды. Бұл шаралар қоңырауларды өңдеу жылдамдығын арттырып, жедел қызметтердің өзара іс-қимылын жақсартуға мүмкіндік берді. Айта кету керек, жыл сайын «112» қызметінің диспетчерлері елорда тұрғындарынан шамамен 750 мың қоңырау қабылдайды.
Сонымен қатар, «101» және «112» қызметтерін кезең-кезеңімен біріктіру 2026 жылға жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тиісті нормативтік құжаттар әзірленіп, әмбебап диспетчерлерді даярлау бойынша жұмыстар жүргізілуде.