Жаңалықтар

Астанада Серік Еркімбековтің «Өмір желі» атты авторлық кеші өтті

Кеш мемлекет және музыка өнерінің көрнекті қайраткері Жексембек Еркімбековтің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Елордада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері, танымал пианист әрі композитор Серік Еркімбековтің «Өмір желі» атты авторлық кеші өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Концерт Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында ұйымдастырылды.

Музыкалық кеш мемлекет және музыка өнерінің көрнекті қайраткері Жексембек Еркімбековтің 95 жылдық мерейтойына арналды. Концерт барысында композитордың «Өмір желі», «Гауһар», «Жер-Аспан», «Алтын-арқа», «Анаға арнау», «Шат көңіл», Vocalise, «Дархан дала» шығармалары, сондай-ақ опералардан үзінділер, халық әндері мен ұлттық билер орындалды.

Сахнада Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, ҚазҰӨУ хоры, «Gulder» ансамблінің балеті, «Birlik» би ансамблі, ҚазҰӨУ-дың скрипкашылары мен қобызшылар ансамблі және Астана қаласы мектептерінің «Балдәурен» балалар хоры өнер көрсетті.

Іс-шараға ҚР еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары қатысты.