Тоқаев пен Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.
Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз еліне шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл ресми сапарының мақсаты – қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу екенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге айрықша көңіл бөледі.
Қырғызстан Президенті Қазақстанмен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін жеткізді.
Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Жиында Қырғыз Республикасы Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрі Бақыт Сыдықов, Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сыргабаев, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Абдикарим Алимбаев, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Қырғыз Республикасы Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қырғызстанның Ғылым, жоғары білім және инновация министрі Бақтияр Орозов Ош мемлекеттік университеті базасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылғанын мәлімдеді.