Жаңалықтар

ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығында ауа райының сандық болжам моделі іске қосылды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Суперкомпьютер орталығында Қазгидромет Қазақстан аумағы бойынша жоғары дәлдіктегі ауа райының сандық болжам моделін іске қосты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Болжам заманауи Weather Research and Forecasting (WRF) моделі арқылы ҚазҰУ-дың Farabi Supercomputer Center ресурстарында есептеледі. Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу кешендерінің бірі саналатын суперкомпьютер әр есепті 2 шақырымдық кеңістіктік дәлдікпен жүргізеді.

Жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Суперкомпьютер іске қосылғаннан кейін ҚазҰУ мен «Қазгидромет» арасында ынтымақтастық орнап, мамандар есептеу жүйесін баптау, модельді бейімдеу және болжам сапасын тексеру жұмыстарын атқарды. Қазір WRF моделі күн сайын автоматты түрде іске қосылып, қауіпті ауа райы құбылыстарын алдын ала ескертуге мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе әсіресе Алматы және оңтүстік-шығыс өңірлердегі таулы аймақтар үшін маңызды. Жоба гидрометеорологиялық қауіпсіздікті арттырып, су тасқыны, сел және климаттық үдерістерді модельдеуге жол ашады.

Жақын уақытта «Қазгидромет» сайтында «Сандық ауа райы болжамы» бөлімі ашылып, пайдаланушылар болжам карталарымен таныса алады.