Жаңалықтар

Қазақстанда 1 пайыздық ипотекаға өтінім қабылдау басталды

Бұл туралы Отбасы банкі мәлімдеді

 Қазақстанда жас мамандарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 1 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық несиеге өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бағдарламаға қатысу үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, агроөнеркәсіп, мәдениет және спорт салаларының мамандары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер (әкімдер мен орынбасарларынан басқа) өтініш бере алады.

Қатысу тәртібі:
Өтінімдер онлайн түрде Baspana Market платформасы арқылы қабылданады. Үміткерлер жеке кабинетке кіріп, өтінімді толтырып, нәтижесін күтуі қажет. Құжаттарды электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы растау талап етіледі.

Бағдарлама шарттары:

Біржолғы төлем – 100 АЕК (2025 жылы бұл 393 200 теңге);

Несие мөлшерлемесі – 1% жылдық;

Несие сомасы – елді мекенге қарай 2 500 АЕК-ке дейін (шамамен 9,83 млн теңге);

Несие мерзімі – 15 жылға дейін.

Қатысу талаптары:

Үміткерлерде жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом болуы қажет;

Несие алған маман ауылдық жердегі ұйымға мамандығы бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндетті;

Бұрын алынған несиелер бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы тиіс.

Бағдарламаның мақсаты:
Бұл бағдарлама ауылдық жерлерге мамандарды тарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Бағдарламаға қатысу арқылы жас мамандар ауылда тұрақты жұмыс істеп, өз мамандығы бойынша өмір сүру мүмкіндігіне ие болады.