Жаңалықтар

Қазақстандық мектептерде алғаш рет стоматологиялық кабинеттер ашылды

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті

Еліміздегі мектептерде алғаш рет стоматологиялық кабинеттер ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  oqu_agartu сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін нығайту, олардың құқықтарын қорғау және үйлесімді дамуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептерінде стоматологиялық кабинеттер ашыла бастаған..

Сонымен қатар, мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Енді мектептің ас мәзірін ұйымдастыру мен оның сапасын бақылау міндеті денсаулық сақтау ұйымдарына берілді.

Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордалық мектептерде осы жаңашылдықтардың іске асырылуын бірлесіп тексерді.

Қазіргі уақытта тіс ауруларының алдын алу кабинеттері 150 мектепте ашылды. Жыл соңына дейін тағы 90 кабинет ашу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылға дейін мектептерде 1000 стоматологиялық кабинетін іске қосу көзделуде. Бұл бастама оқушы саны мыңнан асатын ірі білім беру ұйымдарын қамтиды. Ең алдымен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған мектептерде ашылуда. Ашылған кабинеттерде оқушыларға алдын алу бағытында стоматологиялық көмек көрсетіледі, ауыз қуысы ауруларын ерте диагностикалау жүргізіледі және санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау – білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып табылады және бұл барлық тараптардың, оның ішінде медицина мамандарының да қатысуын талап етеді.
 

Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты күшіне енді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл стандартта алғаш рет тұз бен қанттың мөлшеріне шектеу белгіленді.
 


Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің бастамасы өткен оқу жылынан бастау алған. Сол кезде мектептегі тамақ сапасына бақылау күшейтілді. Жаңа талаптарға сәйкес, күн сайын мәзірдің дайындалу сапасын тексеруге мектеп мейірбикелері де тартылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1–4 сыныптың 1,8 миллионнан астам оқушысы, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы 5–11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған.