Жаңалықтар

Азаматтарға ескерту: Мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – 1 қазан

Қазақстандықтар 2025 жылғы 1 қазанға дейін мүлік салығын төлеуі тиіс

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға жылжымайтын мүлік пен жер учаскелеріне қатысты мүлік салығын 2025 жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет екенін еске салады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Салық қалай есептеледі?
Жеке тұлғалар үшін мүлік салығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы анықтаған мүліктің құны мен иелік ету мерзіміне қарай есептеледі.

2025 жылдың шілдесінде азаматтарға қағаз және электронды форматта салық туралы хабарламалар жіберілді. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы PUSH-хабарламалар таратылған.

Төлем кешіксе не болады?
Егер 2 қазаннан кейін төлем жасалмаса, берешекке өсімпұл есептеледі.
14 қарашадан бастап қарыз мөлшері 1 АЕК-тен асқан жағдайда салықтық бұйрықтар жіберіледі.
Бұйрық берілгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде төлем жасалмаса, іс жеке сот орындаушыларына беріледі.

Сот орындаушылары мынандай шараларды қолдана алады:

банктік шоттарға тыйым салу;

мүлікке шектеу қою;

берешек 40 АЕК-тен асса, шетелге шығуға тыйым салу.

Шетелге шығуға тыйым салынған азаматтардың тізімін мына сілтеме арқылы тексеруге болады: https://aisoip.adilet.gov.kz/debtors

Жеңілдетілген тәртіп
2024 жылғы 19 тамыздан бастап 20 АЕК-тен аспайтын берешек бойынша мәжбүрлі өндіріп алу жеңілдетілген тәртіпте жүзеге асырылады. Бұл жағдайда сот орындаушылары тартылмайды, ал қарыз сомасы банктік шоттардан автоматты түрде алынады. Қосымша шығындар мен комиссиялар алынбайды.

Қалай тексеруге болады?
Салықтық берешек туралы ақпаратты:

«e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы (Электрондық сервистер → Салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешек → ЖСН енгізу) арқылы;

екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы білуге болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды салықты уақытылы төлеуге шақырады. Бұл өсімпұл мен шектеулерден, сондай-ақ сот орындаушыларының шараларынан сақтануға мүмкіндік береді.