Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы техникалық реттеу саласындағы позицияларын нығайтуда
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:03
- 83
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы техникалық саясатты қалыптастырудағы өз позицияларын сенімді түрде күшейтіп келеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл бағытта отандық бизнесті қорғау мен оның дамуын қолдауға басымдық беріледі.
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңес қорытындысында мәлім болды. Кеңеске Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев төрағалық етті.

Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін техникалық реттеудің негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды. Бүгінде Қазақстан интеграциялық үдерістерге қатысып ғана қоймай, олардың күн тәртібін қалыптастырып отыр. Қазақстан бес маңызды құжатты әзірледі. Олардың қатарында үш техникалық регламент пен екі өзгерістер пакеті бар.
Барлық бағыттар бойынша жұмыстар белгіленген тәртіпте жалғасуда. Атап айтқанда, осы жылдың 13 наурызында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мақұлдаған лак-бояу материалдарына қатысты ЕАЭО техникалық регламентінің жобасы қазір одаққа мүше мемлекеттердің қол қою сатысында. Сонымен қатар, мал азығы мен жемдік қоспаларға арналған техникалық регламент жобасы бойынша Ресей Федерациясында ішкі келісу рәсімі әлі аяқталған жоқ. Қалған бастамалар бойынша талқылаулар Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында жалғасуда, бұл ұйым ЕАЭО мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын үйлестіруде маңызды рөл атқарады.

Министрдің айтуынша, интеграциялық үдерістер ұлттық басымдықтарға қайшы келмеуі тиіс.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы тауар айналымы 31 млрд доллардан асып, 16,2%-ға өсті. Бұл сауда қатынастарын одан әрі кеңейту әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Осындай жағдайда техникалық реттеу құралдары мен санитарлық-фитосанитарлық шаралар тек нарықты дамыту мен бизнесті қолдауға қызмет етуі тиіс. Тауарлардың еркін қозғалысын шектеуге әкелетін кез келген бастамалар біз үшін қабылданбайды», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Қазақстанда ЕАЭО техникалық регламенттері жобаларын ішкі мемлекеттік келісу рәсімдері ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырады және оған мемлекеттік органдар, «Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы», сондай-ақ реттеуші әсерді талдау кіреді.

ЕАЭО техникалық регламенттері жобалары міндетті түрде реттеуші әсерді талдаудан өтеді. Бұл талдау бизнес пен мемлекет үшін пайда мен шығын арақатынасын бастапқы кезеңде бағалауға мүмкіндік береді. Осы жұмысқа мемлекеттік органдарды, «Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы» мен басқа да мүдделі тараптарды тарту ұлттық экономиканың дамуына бағытталған тиімді әрі теңгерімді реттеуші шешімдер қабылдауға ықпал етеді.






