Жаңалықтар

Енді психоэмоционалды ауытқуы бар жастар әскерге шақырылмайды

Көктемгі науқан кезінде 470 жігіттің суицидке бейімі бары анықталған

 Қазақстанда әскерге шақырылатын жастарды іріктеу кезінде PSY-тәуекел деп аталатын жаңа әдістеме қолданылады. Бұл жүйе суицидке бейімділікті ерте кезеңде анықтауға, психикалық тұрақсыздық белгілерін бағалауға және қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жүйені Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Оның мақсаты – жүйкесі әлсіз немесе суицидке бейім жастарды анықтап, әскер қатарына жібермеу.

2025 жылғы көктемгі науқанда әдістеме сынақтан сәтті өтті. Нәтижесінде 470-тен астам суицидке бейім жас анықталып, олар әскерге алынбады немесе қосымша тексеріске жіберілді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе әскери бөлімдердегі моральдық ахуалды сақтау мен қауіптің алдын алуға ықпал етеді.

PSY-тәуекел бірнеше кезеңнен тұрады: бастапқы скрининг, тереңдетілген психологиялық тексеріс және қажет болған жағдайда – психиатриялық сараптама.

Жүйе Үкіметтің тапсырмасымен барлық өңірлерде кезең-кезеңімен енгізілмек.