Жаңалықтар

Ломбардтағы қарыз кредиттік тарихқа әсер ете ме

Кредиттік тарих пен борыш жүктемесінің деңгейі маңызды рөл атқарады.

Ломбардтан ресімделген қарыз кредит немесе ипотека алуға кедергi болмайды, алайда ол қаржы ұйымының шешіміне әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.  

Агенттіктің мәліметінше, өтінімді қарау кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының қаржылық жағдайын және оның қарыздарын өтеу қабілетін бағалайды. Кредиттік тарих пен борыш жүктемесінің деңгейі маңызды рөл атқарады.

Егер қарыз алушы микрокредитті уақытында өтемесе, ломбард кепілге қойылған мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы кезеңде қарыз алушы қарызды төлеп, өз затын қайтара алады.

Осы мерзім өткеннен кейін ломбард кепілді сатуға не оны өз меншігіне ресімдеуге құқылы. Нәтижесінде ломбардтағы заттарды кепілге қою туралы шарт және микрокредит беру туралы шарт өз қолданысын тоқтатады.

Қарыздың тоқтатылу фактісін кепілді сату актісі немесе оны ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім және қарызды өтеу туралы анықтама сияқты құжаттар растайды.

«Кредит беру туралы шешімді банк немесе микроқаржы ұйымы заңнамалық талаптарды ескере отырып, сондай-ақ өзінің ішкі кредиттік саясатына, қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалауға және қабылданатын тәуекелдер деңгейіне сәйкес дербес қабылдайтынын назарға алу қажет», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен.