Мүлік салығын уақытылы төлемегендерге өсімпұл есептеледі - Мемлекеттік кірістер комитеті
- авторСадуақас Айсұлу
- 18 қыркүйек, 2025
- 299
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, мүлік салығы салық салу объектілерінің құнына және меншік құқығы иеленген мерзімге байланысты есептеледі. Бұл деректерді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы анықтайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салық сомасы көрсетілген хабарламалар меншік иелеріне шілде айында жіберілген, ал банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар арқылы жеткізілген.
Комитет 2025 жылдың 2 қазанынан бастап мүлік салығын уақытында төлемегендерге өсімпұл есептелетінін және берешек туралы ескертулер жолданатынын хабарлады. Ал 14 қарашадан бастап, берешек сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асқан жағдайда, салықтық бұйрықтар рәсімделіп, олар 5 жұмыс күні ішінде төленбесе, іс жеке сот орындаушыларына жолданады.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға сәйкес, сот орындаушылары борышкерлердің банк шоттарын және мүлкін бұғаттауға, мүлікті сатуға, сондай-ақ Қазақстаннан шығуына тыйым салуға құқылы. Егер берешек 40 АЕК-тен асып кетсе, азаматтың елден шығуына шектеу қойылуы мүмкін.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 19 тамыздан бастап салықтық берешектерді өндіріп алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Егер қарыз көлемі 20 АЕК-тен төмен болса, ол автоматты түрде өндіріліп, банк шоттары бұғатталады және мүлікпен байланысты операцияларға шектеу қойылады. Бұл жағдайда жеке сот орындаушысының қызметіне жүгінудің қажеті болмайды.
Азаматтар өздерінің салық қарызы жөніндегі мәліметті e-Salyq Azamat мобильді қосымшасынан немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы тексере алады.
Мемлекеттік кірістер комитеті тұрғындарды салықтық іс жеке сот орындаушыларына жіберілмей тұрып, мүлік салығын дер кезінде төлеуге шақырады.




