сәрсенбі, 18 наурыз, 2026 14:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті қабылдады
Фото: Ақорда
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Президент сауда саласының қазіргі жай-күйі мен алдағы даму бағыттары туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Арман Шаққалиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің 19 пайызға жуығы сауда-саттыққа тиесілі екенін баяндады.

Қазақстан экономикасының маңызды секторларының бірі саналатын салаға 1,2 триллион теңге инвестиция құйылған. Ал тауар айналымы 8,9 пайызға ұлғайып, 80,3 триллион теңгеге жеткен.

Сондай-ақ электронды сауданың дамуы жөнінде мәлімет берді.
Былтыр оның көлемі 3,9 триллион теңгені құраған. Бұл – бөлшек сауданың 15 пайызына тең.

Елімізде 10 логистика орталығынан тұратын желі қалыптасты. Астана мен Алматы қалаларында екі ірі фулфилмент-орталық салынып жатыр.

Сауда және интеграция министрлігі еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріп жатыр.

Жаһандағы экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, сыртқы нарыққа шығарылатын шикізаттық емес тауар түрлері мен қызметтер көлемі 41 миллиард долларға жетті.

Экспорттаушыларды қаржылай қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейді. Атап айтқанда, сақтандыру сомасының максималды мөлшері 1,2 триллион теңгеге дейін көбейіп, қолдау шаралары екі есе артты.

Еуразиялық экономикалық одақ аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

ЕАЭО құрылғаннан бері 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылды.

Келіссөздер нәтижесінде еліміздің бірқатар мәселеге қатысты ұстанымы ескерілді. Оның қатарында Қазақстан кәсіпорындарына демпингке қарсы баж салығын төлемей, кейбір тауар түрлерін кіргізуге квота беру секілді маңызды мәмілелер бар.

Президент ведомствоға заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің өсуіне қолайлы жағдай жасау, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау, экспорттық әлеуетті нығайту, сондай-ақ елдің экономикалық мүдделерін ілгерілету жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар