Жаңалықтар

Наурызнама: 18 наурыз – Ұлттық киім күні

Ұлттық киім – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің көрінісі

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл күн – ата-бабадан жеткен асыл мұраны ұлықтап, ұлттық болмысымызды айшықтайтын ерекше мереке, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сан ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайымдылығымен қатар, ыңғайлылығы және өмірге бейімділігімен ерекшеленіп келеді. Табиғи былғары, жүн, киіз және түрлі маталардан тігілген киімдер тек күннің суығы мен ыстығынан қорғамай, иесіне ерекше жайлылық сыйлаған. Ал асыл тастар мен бағалы металдармен безендірілген сәндік элементтер адамның әлеуметтік мәртебесін, дәулеті мен абыройын білдірген.

Бүгінгі таңда жаһандану мен заманауи үрдістерге қарамастан, ұлттық киім өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, ол жаңа сипат алып, дәстүр мен заманауи сәнді үйлестіре отырып, жаңаша үлгіде дамып келеді. Дизайнерлер ұлттық нақышты сақтай отырып, оны қазіргі стильмен ұштастырып, күнделікті өмірге бейімдеуде.

Ұлттық киім – тек сән үлгісі ғана емес, ол халықтың тарихы мен мәдениетінің көрінісі. Ол ұлттың мінезін, рухын және бірлігін бейнелейді. Сондықтан бұл күн – әрбір қазақстандық үшін өз тамырын танып, ұлттық бірегейлігін мақтан тұтатын маңызды сәт.

Ұлттық киім күні – әр азаматқа өз даралығын танытып қана қоймай, еліміздің мәдени әралуандығы мен бірлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Осы айтулы күні барша жұртты ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ата-баба дәстүріне құрметпен қарауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге шақырамыз.