Олжас Бектенов Қырғызстанмен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстарын тексерді
- авторАрайлы Жақсылық
- 15 тамыз, 2025
- 432
Олжас Бектенов Қырғыз Республикасымен шекарадағы «Қордай» және «Қарасу» автокөлік өткізу бекеттерінде болып, олардың инфрақұрылымын, қазіргі проблемаларын және одан әрі дамыту жоспарларын қарады. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Ұлан Абиков өткізу бекеттеріндегі жағдай және Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жүргізілген тексерулердің қорытындысы туралы баяндама жасады.
ЕАЭО елдерімен шекарада 39 автокөлік өткізу пункті бар. Соның екеуінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда он пунктте, соның ішінде Қазақстан–Ресей шекарасында жаңғырту басталды. Басқа өткізу бекеттері де реконструкция аясында қамтылмақ.
«Қордай» өткізу бекетінде жүргізілген реконструкция нәтижесінде қозғалыс жолақтарының саны 4-тен 8-ге, ал төлқұжаттық бақылау кабиналарының саны 20-дан 40-қа дейін артты. Өткізу қабілеті жолаушылар ағыны бойынша 4 есе, автокөлік бойынша 2,7 есе өсті. Ал «Қарасу» пунктінде басталған жаңғырту жұмыстары өткізу қабілетін тәулігіне 700-ден 2 мыңнан астам көлікке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба жүк ағынын және көлік қозғалысын жақсартуға, шекара инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай етуге бағытталған.
Премьер-министр шекаралық нысандардың трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуда және халықаралық жолаушы мен автокөлік қатынасын қамтамасыз етуде маңызы зор екенін атап өтті. Реконструкция жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді. Олжас Бектенов жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуын, рәсімдерді жеделдету үшін цифрлық технологияларды енгізуді, сондай-ақ азаматтар мен бизнес үшін қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру шараларын қолға алуды тапсырды.
Сапар барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрамында тауарларды сақтау, өңдеу және өткізуге арналған индустриялық-сауда-логистикалық кешен салу жобасы таныстырылды. Премьер-министр құрылыс мерзімінің созылып кетуіне байланысты сын айтып, қысқа мерзімде шара қабылдауды және жұмыс сапасы мен қарқынын қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.





