Қостанайда синтетикалық есірткі таратқан 19 жастағы студент ұсталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 9 шілде, 2025
- 535
Қостанайда есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері «Қарасора – 2025» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында 19 жастағы колледж студентін ұстады. Ол синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтап, таратты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz сілтеме жасап.
Жедел мәліметтерге сәйкес, күдікті 2025 жылдың сәуір айынан бастап есірткі таратушы ретінде жұмыс істеп, интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенімен байланыс орнатқан. Ол есірткінің партияларын алып, оларды алдын ала белгіленген орындарға жасырып отырған және координаттарды мессенджер арқылы сатып алушыларға жіберіп отырған.
Күдіктіні ұстау кезінде қызыл изолентаға оралған төрт түйіншек табылып, ішінен ерекше иісі бар ақ түсті зат шықты. Алдын ала болжам бойынша бұл — синтетикалық есірткі. Сондай-ақ, пәтерін тінту барысында телефон қорабынан жасыл түсті, өсімдік тектес құрғақ зат — кептірілген марихуана табылды.
Бұдан бөлек, қаладағы 8-шағынаудандағы гараждардың бірінен есірткіні буып-түю мен тұтынуға арналған құралдар анықталып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары күдіктінің ықтимал сыбайластарын анықтауға бағытталған жедел шаралар жүргізуде.
Полиция есірткі құралдарының заңсыз айналымы, әсіресе интернет арқылы таратылуы ауыр қылмыс болып саналатынын еске салып, мұндай фактілер туралы дереу хабарлауға шақырады.





