Жаңалықтар

SIM-box деген не және ол қалай анықталады?

Қазіргі таңда кең таралып жатқан алаяқтықтың ең қауіпті түрі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық.

Интернет қылмыстарының жиі кездесетін формаларына онлайн сауда және қызмет көрсету кезінде азаматтарды алдау, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып жеке деректерді тартып алу, сондай-ақ басқа адамның атына онлайн несие рәсімдеу жатады.

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық мақсатта пайдаланатын алаяқтар өз әдістерін үнемі өзгертіп, жетілдіріп отырады. Сондықтан компьютер, смартфон немесе планшет қолданатын кез келген адам интернет қылмыскерлерінің нысанасына айналуы мүмкін.
Алаяқтыққа ұшыраған азаматтардың арыздарын қарау барысында қылмыскерлерді анықтау күрделі екені байқалады. Себебі олардың басым бөлігі Қазақстанда емес, шетелде отырып әрекет ететіні анықталып жатады.

Жасалатын қоңыраулардың көпшілігі сим-бокс құрылғысы арқылы іске асырылады. Бұл құрылғы жүздеген SIM-картаны бір аппаратқа орналастырып, оларды бір уақытта пайдалануға мүмкіндік береді. Ол мобильді нөмірлерді жаппай генерациялауға, қоңырау кезінде нөмірді қолдан ауыстыруға және үлкен көлемде хабарлама жіберуге жағдай жасайды. Осылайша алаяқтар оператор шектеулерін айналып өтіп, мыңдаған адамға жалған нөмірмен қоңырау шала алады. Көп жағдайда олар басқа елдерде отырып, жергілікті нөмір ретінде көрінеді.

Бұл құрылғы алаяқтар үшін өте тиімді. Олар өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректерін алдап сұрап, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіруге тырысады. Сим-бокс олардың кім екенін анықтауды қиындатады.
Құқық қорғау органдары сим-бокстарды анықтап, тәркілеу бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Полиция байланыс операторларымен бірлесіп жалған нөмірлерді анықтау және алаяқтық схемаларды бұзу бағытында кешенді шараларды қолға алған. Тексеру барысында үйлерден, жалға алынған кеңселерден және жасырын орындардан бірнеше сим-бокс табылған.

Жамбыл облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Валихан Ағыбаевтың айтуынша, Тараз қаласында дәл осындай 128 слоттық сим-бокс тәркіленген.

Мамандар азаматтарды сақ болуға шақырады. Бейтаныс нөмірден хабарласып, банк туралы, жеке мәліметтер туралы ақпарат сұраса немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етсе — бұл алаяқтардың белгісі. Мұндай жағдайда қоңырауды дереу үзген жөн. Кейін банкке тек ресми нөмір арқылы өзіңіз хабарласқан дұрыс.