Жаңалықтар

Сорбұлақта қаза тапқан майорды ақтық сапарға шығарып салды

Бұл туралы облыс әкімдігі мәлім етті.

  Бүгін Павлодар облысы, Шарбақты ауданының Шалдай ауылында әскери тікұшақ апатынан қаза тапқан ұшқыш Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

25 шілде күні Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен еді. Сол уақыттан бастап шұғыл іздеу жұмыстары басталып, тікұшақпен барлау жүргізілді. Сорбұлақ су қоймасы қаралды. Қазғарыш спутниктік суреттері арқылы жанар-жағармайдың ізі анықталып, су қоймасына жақын маңнан тікұшақтың бірнеше бөлшегі табылды. Осыдан кейін жедел штаб құрылып, арнайы топтар жұмылдырылды.

9 тамыз күні 14 метр тереңдікте тікұшақтың сынықтары мен экипаж мүшесінің мәйіті табылды. Ал кеше екінші адамның — Бахтияр Ержігітовтің денесі судан шығарылды. Экипаждың үшінші мүшесіне қатысты ақпарат әзірге жоқ.