Жаңалықтар

Тоқаев: «Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома»

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технология барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды.

– Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысын баршаңыз көріп отырсыздар. Жаһандық геосаяси ахуал тұрақсыз, құбылмалы, сын-қатерлер аз емес. Бірақ қытай халқының белгілі пайымдауына сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір – инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл – түсінікті, заңды үрдіс. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында алдымызға айқын мақсат қойылғанын айтты. Соған сәйкес, Қазақстан алдағы үш жылдың ішінде цифрлық ел болуы керек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет.