Вокзалдарда мүгедектігі бар жолаушыларға жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылды
Жаңа сервис вокзал қызметкерлерінің көмегін алдын ала рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық тасымалдаушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметін бастады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Сервис автокөліктен вагонға дейін және кері бағытта, сондай-ақ вокзал аумағында толық сүйемелденуді қамтамасыз етеді.
Көмек алу өтінімін bilet.railways.kz сайтынан рәсімдеуге болады. Қызмет қазіргі таңда арнайы арбалармен жабдықталған 57 вокзалда қолжетімді. Егер таңдалған вокзалда қызмет уақытша көрсетілмесе, билет рәсімдеу кезінде опциялар көрінбейді.
Қызметті рәсімдеу тәртібі:
bilet.railways.kz сайтынан билет сатып алу;
Сатып алу кезінде «Мүгедек» опциясын таңдап, ЖСН мен мүгедектік анықтамасының нөмірін көрсету;
Қажетті көмек түрлерін таңдау.
Қолжетімді көмек түрлері:
Пойыз жөнелтілер алдында вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;
Пойыз жөнелтілер алдында арнайы арба;
Пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;
Пойыздан түсу кезінде арнайы арба.
Алдын ала өтінім рәсімдеу қызметкерлерге дайындыққа уақыт береді, жолаушылар сапар бойы толық және уақтылы көмек алады.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жеңілдіктер қарастырылған:
Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда — 50% жеңілдік;
Коммерциялық «Тальго» пойыздарында арнайы купелер мен ілесіп жүретін адамға арналған орындарға — 50% жеңілдік.
Қосымша ақпарат алу үшін 1433 тегін нөміріне қоңырау шалу немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ Instagram парақшасын @jolaushylar_tasymaly қарауға болады.