жексенбі, 8 желтоқсан, 2024 13:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қыз алып қашу салт-дәстүр ме?

Қыз алып қашу салт-дәстүр ме?
Фото - ашық дереккөз
Алайда халқымыз дәстүрдің озығы мен тозығы бар дейді

Ұлтымыздың салт-дәстүрлері жетіп артылады. Соның бірі - қыз алып қашу дәстүрі. Бірақ... Бүгінде адамның құқығы мен бас бостандығы заңмен реттелетін қазақ қоғамында қыз алып қашу дәстүрі заңға қайшы екені даусыз, деп жазады Jambylinfo.kz.

Жасыратыны жоқ, қоғамда әлі де салт-дәстүрді көпшілік дұрыс түсінбей жатады. Негізінде қыз алып қашу –қазақ халқының қанына сіңген үрдіс. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашқан. Яғни, қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс.
"Қыз алып қашу бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр ме?" деген сұрағымызға  60 жастағы Жамбылдық тұрғын Құралай  әжеміз жауап берді. «Біздің кезімізде алып қашу болды. Алып қашуда қыздың келісімі маңызды емес болатын. Қыз келіспей жатқан кезде үлкен жастағы апа - әжелеріміз табалдырыққа жатып алады. «Менің үстімнен аттап өтсең, бағың ашылмайды, саған теріс батамды беремін» деп қызды көндіріп, басына ақ орамал жабатын. Қыз алып қашу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Осы дәстүрдің арқасында көптеген отбасы бақытты ғұмыр кешіп, қазіргі кезде үлкен отбасы болып, немерелі, шөберелі болып отыр»,- деді алты баланың анасы Құралай әже.

Ал орта жастағы Филология ғылымдарының кандидаты, педагог Самал Дәрібаевтың айтуынша қыз алып қашуды салт-дәстүрге жатқызу дұрыс емес. Қыз бала үйінен ұзатылып, құтты жеріне қондырылғаны дұрыс.

«Халқымыз қыз балаға қонағым деп ерекше құрметпен қараған. Екі жақ келіскен соң қызға батасын беріп, ұзату тойын жасайды. Бұл көнеден келе жатқан жол. Әрине, кеңес өкіметінің тұсында екі жастың келісімімен "қыз алып қашу" үрдісі белең алды. Бұл той жасауға мүмкіндігі болмаған кезде орын алды. Тіпті қыздың келісімінсіз алып қашу жағдайлары да кездесетін. Бірақ бұның қай-қайсысын да дәстүр деп айту орынсыз. Ең дұрысы, ғасырдан ғасырға жеткен дәстүрді сақтап, үлкендердің ризашылығын алу»,- дейді Самал Дәрібаев.
Соңғы уақытта  көп талқыланып жүрген қыз алып қашу туралы сан түрлі пікірлер бар. Егде жастағы кісілер қызды алып қашуды дұрыс санайды. Ал  жастар көп жағдайда  аталмыш салтты қолдай бермейді. Махаббат пен сүйіспеншілікке құрылмаған отбасының ертеңі жоқ деп те айтып жатады. Ендеше, жастардың қыз алып қашу туралы пікіріне көшсек.

«Қыз алып қашуды салт-дәстүрге жатқызамыз, себебі бұл ертеден келе жатқан үрдіс. Алайда ертеректе қазіргі кездегідей көрсе қызар азаматтар секілді қызды бір көргеннен алып қашпаған. Қыздың келісімімен, рұқсатымен алып қашқан. Бір көргеннен алып қашып кету қазіргі кезде жиілеп келеді. Бұл әрине дұрыс емес. Салт-дәстүр екен деп кез келген қыздың тағдырымен ойнау үлкен күнә»,- дейді Қазақ ұлттық университетінің  3 курс студенті Абай Нұрсұлтан.
Біреу алып қашуды салт-дәстүрге жатқызса, кейбіреулер жатқызбайды. Әрине, әркім өз пікірін айтуға құқылы. Ал осы алып қашу шариғат бойынша дұрыс па? Осыны ауыл молдасы Зият мырзадан сұраған едік.

"Алып қашу шариғат жағынан дұрыс емес. Жалпы адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғатымызда қатаң тиым салынған. Бұл адамның ар-намысын аяқ асты ету және күнә іс. Неке мәселесінде қыздың өзі шешім қабылдайды. Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір - біріңе осы қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (құрбан айт) күндей қастерлі», – деп,  адам ар-намысының қаншалықты қастерлі екендігін ескерткен. Қызды тұрмысқа мәжбүрлеп ешкім бере алмайды", дейді Зият мырза.

Бұрынғы кезден бастап ата-бабамыз ислам дінін ұстанып келді. Шариғат бойынша қыз алып қашу дұрыс емес болса, қазақ халқы бұл дәстүрді қайдан шығарған деген сұрақ тууы жөнді. Дінімізде  некенің келісіммен болуы керек екендігі айтылған. Яғни, бұл қыз алып қашу екі жастың келісімімен болатындықтан дінімізге сай. Ата-бабамыз кез келген істі шариғат бойынша жасап жүрген. Кез келген қыз бала басына ақ орамал таққысы келеді, бірақ зорлық- зомбылықпен емес. Көптеген қыздар қыз алып қашудың арқасында, отбасылы болып отырған шығар, бірақ үйінен ұзатылып, ата-анасының ризашылығын алса, нұр үстіне нұр болатын еді. Ал сіздің ойыңыз қандай?
Қорыта келгенде бала ер жетіп, қыз  бойжеткен шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Бірақ "қыз мұраты – кету" екен деп әй-шәй жоқ, көлденең жүрген көк аттыға ешкімнің де тигісі келмесі анық. Адам тағдыры, сезім, түсінік деген "дүниелерді" ескермей, жалғанды жалпағынан басып жүргендер қаншама? Қыз алып қашу қыз бен жігіт жағы өзара келісіммен,  сөз байласуымен болатын салт-дәстүр. Бірақ, дәстүрді бұрмалауға болмайды. Ал салт-дәстүрдің үрдісін бұзбаса қазіргі таңда адам ұрлау, қинау, зорлық-зомбылық деген дүниелер болмас еді.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді алаңдатқан көптеген мәселеге байланысты орамды ойларын, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Президент қыз алып қашу мәселесіне де тоқталып, ата жолын сақтау мақсатында ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтауға шақырды.
 Мемлекет басшысы: «Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек», – деді. Рас, кезінде бабаларымыз да сүйгенін алып қашып, ұрпақ өрбітіп, бақытты-баянды өмір сүрген. Кейде екі ғашықтың ата-анасы немесе туған-туысы жастардың шаңырақ көтеруіне қарсы болған. Мұндайда жігіт батылдық танытып, сүйгенін елден жырақ алып қашып кетіп, отбасын құрған. Ал бүгінде қыз алып қашу дәстүрін әсірелеп жібергеніміз соншалық, тіпті танымайтын қыздарды да алып қашу кең етең алып барады. Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыз ұрлау оқиғалары жыл санап көбеймесе, азаймай тұр. Мәселен, былтыр Тараз қаласының №2 сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының екі азаматы қыз алып қашқаны үшін сотталды. Оқиғаның қалай өрбігенін қысқаша баяндасақ, 2022 жылдың көктемінде өмірлік жар іздеген жігіт ортақ таныстары арқылы бір бойжеткенмен танысады. Бірнеше кездесуден кейін қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Сол кезде жігіт қызды алып қашуға шешім қабылдайды. Ойын жүзеге асырмақ мақсатта өткен жылдың ақпан айында Тараз қаласына досымен келеді. Сөйтіп, қызды үйінен алдап алып шығып, көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Көршілер қыздың жанұшыра айқайлаған даусын естіп, «102»-ге қоңырау шалады. Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдіктілерді құрықтайды. Сонымен не керек, ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша сот үкімімен үйленуге ниетті жігіт пен қасындағы досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Өкініштісі, досына қыз алып қашуға көмектескен жігіт үйлі-баранды, бес баланың әкесі екен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірнеше жыл бұрын Шу, Қордай аудандарында жоғарыда баяндалған оқиғаға ұқсас қыз алып қашу дерегі орын алып, жұртты дүрліктірген болатын. Жалпы бұрын қоғамымызда үйреншікті болып саналған қыз алып қашу заң үстемдігі орныға түскен сайын салт емес, құқықбұзушылық ретінде таныла бастады. Облыстық прокуратураның прокуроры Ғалым Қонақбаевтың айтуынша, қыз алып қашу – құқыққа қайшы әрекет. – Қыз алып қашу – қате шешім. Өмірлік ақ неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек. Біз жастарға жауапкершілік пен ақ некені насихаттауымыз керек. Көбіне алып қашу әрекеттерін үйленетін жігіт өзі ғана емес, қасындағы достарымен бірге жасайтыны белгілі. Егер жағдайдың арты қылмыстық іс қозғауға алып баратын болса, үйленуге ниетті жігіт қана емес, қасындағы көмекшілері де жазаға тартылатынын көбі түсінбейді. Басқаша айтқанда, қыз алып қашу салт емес – қылмыс. Заңды бұзғандарға Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен іс қозғалды. Сол бойынша кінәлі деп танылған сотталушыларға 7 жылға шартты жаза тағайындалды. Ал егер кәмелетке толмаған қызды ұрласа, 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін және мүлкі тәркіленеді, – дейді прокурор. Осы ретте өткен жылы мәжбүрлі түрде, еркінен тыс тұрмысқа шыққандардың құқығын қорғау үшін ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен жазаны күшейтуді қолға алу туралы бастама көтерілгенін айта кету керек. Артур Ермекұлының айтуынша, қыздарды алып қашу бойынша нақты статистика жоқ. Өйткені ҚР Қылмыстық кодексінде мұндай құқықбұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген. – Некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кей жағдайда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өзіне қол жұмсауға да әкеп соғады. Тек кейінгі 2,5 жылда үйдегі агрессорлар 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірген – 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірген 837 жағдай тіркелді. 37 мыңнан астам адам түрлі жауапкершілікке тартылды. Соңғы 4 жылда қыздарды алып қашуға қатысты 214-тен астам қылмыстық іс тіркелген. Бірақ 90 пайызы екі тараптың келісімімен тоқтап, жабылып қалған. Біз былтыр Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген жаңа бапты енгізуді ұсындық. Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанның қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар. Біздің басты мақсат – адам құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтан сақтау. Жазықсыз жапа шегуден әйелдерді құтқарудың жалғыз жолы – жазаны қатаңдату, – деді Артур Ластаев. Ал аға буынның айтарына құлақ түрсек, алып қашу талай қыздың бағын ашқан. Солайы солай шығар. Дегенмен талай қыздың өмірі ойран болғанын да ұмытпау керек. Филология ғылымдарының кандидаты, педагог Самал Дәрібаевтың айтуынша, қыз алып қашуды салт-дәстүрге жатқызу дұрыс емес. Қыз бала үйінен ұзатылып, құтты жеріне қондырылғаны дұрыс. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали да алып қашуды құптамайтынын жеткізді. – Алып қашуды «дәстүр» деп жаңғыртқанымыз жөнсіз деп ойлаймын. Одан да жастарды ғылымға, білімге, заман көшінен қалмауға баулыған жөн. Алайда тұрмыстық жағдайға байланысты екіжақты, яғни әсіресе қыздың келісімімен алып қашу үрдісін жасайтын отбасылардың барын да жоққа шығара алмаймыз. Алайда танымай немесе танысқандарына бір-екі ай ғана болып, асығыс қосылған жастардың некелерінің соңы ажырасумен аяқталып жатады. Оған дағдарыс орталығына пана іздеп келген әйелдердің тағдыры дәлел, – дейді Эльмира Мырза Ғали. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Президентіміз айтқандай, қыз ұрлығы – зорлық, нағыз жабайылық. Ал зорлық жасап, адамдардың өміріне қол сұққандар қылмыстық жауапкершіліктен жалтара алмайды.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар