Жамбылдық әлеуметтік сала мамандары республикалық деңгейде марапатталды
Бірқатар мамандар мен ұйымдар мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды.
2025 жылғы 24 қазанда Астана қаласында «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифрлық болашақ» атты халықаралық форум өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиын барысында әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлерін, сондай-ақ «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Форум барысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов әлеуметтік саланың дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагерлері мен сала мамандарына мемлекеттік наградаларды табыстады.
Олардың қатарында Жамбыл облысының өкілі Болат Үсембаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен өткізілген республикалық байқауда Жамбыл облысындағы «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шолпан Ахметова «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Бұдан бөлек, өңірдің әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар жамбылдық мамандар да марапат иегерлері атанды. Атап айтқанда, басқарманың бас маманы Ботагөз Байқазақова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Аппарат басшысының «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, Гүлсін Шынтаева ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың Құрмет грамотасымен, ал Мақпал Сегізбаева министрдің Алғыс хатымен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары мен марапат иелеріне естелік мүсіндер мен бағалы сыйлықтар табысталды.