жұма, 5 желтоқсан, 2025 13:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Жеңіл ақшаға алданып қалма!»: дроппер болудың салдары қандай?

«Жеңіл ақшаға алданып қалма!»: дроппер болудың салдары қандай?
Pixabay.com
Қазіргі уақытта интернет-алаяқтық пен көлеңкелі экономикада «дроппер» деген терминді жиі еститін болдық. Бұл қайдан шыққан термин және дроппер деген кім? Дроппер болудың салдары қандай?

Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында Jambylinfo.kz тілшісі Жамбыл облысы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Мұхаммед Қошмағанбетовпен сұхбаттасқан еді.

– Мұхаммед мырза, алдымен «дроппер» терминінің шығу тегіне тоқталсаңыз. Бұл қайдан шыққан термин? Жалпы дроппер деген кім? 

– «Дроппер» сөзі ағылшынның drop — «тастап кету», «жасырын өткізу» деген сөзінен шыққан. Қылмыстық ортада ол заңсыз жолмен алынған ақшаны үшінші тұлғаның картасы арқылы өткізіп, оны жылыстатуға көмектесетін адамды білдіреді. Яғни дроппер — қаражаттың түсуіне, аударылуына, немесе қолма-қол ақшаға айналуына «көмектесетін» делдал. Көпшілік мұны қарапайым қызмет деп ойлайды, бірақ іс жүзінде бұл — қасақана ұйымдастырылған қылмыстық схеманың бір бөлігі.

– Көп адам бұл ұсыныстарды «оңай табыс» деп қабылдайды. Бірақ шын мәнінде дроппер болудың құқықтық жауапкершілігі қандай?

– Иә, алаяқтар дәл осындай тәсілмен алдайды. «Тек картаңды пайдаланамыз», «сен ештеңеге жауапты емессің», «жұмысың бір-екі минут» деп сендіреді. Ал шын мәнінде, карта иесі өз шотында жасалған барлық операция үшін заң алдында толық жауапты. Дроппер қылмыстық әрекетке тікелей қатысушы ретінде саналады. Ол өз картасын бергені үшін де, қаражатты алғаны үшін де жауапқа тартылады. Бұл — жай ғана құқық бұзу емес, ауыр қылмыс.

– Жамбыл облысында мұндай жағдайлар жиі кездесе ме?

– Айта кетейін, биыл Жамбыл облысында ресми түрде дропперлік фактілері тіркелген жоқ. Бұл — жауапкершілігі жоғары азаматтардың көптігін байқатады. Дегенмен бұл қауіп мүлде жоқ деген сөз емес. Алаяқтар үнемі жаңа схемалар ойлап табады. Сондықтан тұрғындардың сақ болуын, кез келген күмәнді ұсыныстан бас тартуын сұраймыз.

– Жаңа заң бойынша дропперлікке қатысты қандай жаза қарастырылған?

– 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап күшіне енді. Бұл бап банктік шоттарды, төлем құралдарын немесе сәйкестендіру деректерін заңсыз беру мен пайдалануды тікелей қылмыс ретінде белгілейді. Қылмыстың сипатына қарай азамат 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

–Дропперге айналған адамдар қандай қауіпке ұрынуы мүмкін?

– Біріншіден, қылмыстық жауапқа тартылу қаупі бар. Екіншіден, алаяқтар дропперді жиі бопсалайды. «Жеке деректерің бізде бар», «егер бас тартсаң, өзіңді кінәлі қыламыз» деп қорқытады. Осылайша адам бір рет келіскен соң, оның картасын бірнеше рет пайдалану қаупі туындайды. Бұл — ұзаққа созылатын психологиялық қысым мен тұрақты қауіп. Ал ең қиыны — адам өзі білместен аса ауыр қылмыстың бір бөлігін орындап жүруі мүмкін.

– Ал мұндай қателікке бой алдырған азаматтар үшін жеңілдік қарастырылған ба?

– Иә, заңда ондай мүмкіндік бар. Егер адам бұл әрекетті бірінші рет жасаса, жағдайдың қауіпті екенін түсінсе, өз еркімен құқық қорғау органдарына жүгініп, тергеуге көмектессе, онда ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Бұл – шындықты мойындап, дұрыс жолға қайта оралуға мүмкіндік беретін маңызды норма.

– Қарапайым тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы — ешқашан өз картаңды, шотыңды, телефон нөміріңді немесе жеке деректеріңді бөтен адамдарға бермеу. Әлеуметтік желідегі «оңай ақша», «картамен жұмыс», «бір күнде 50–100 мың теңге» деген жарнамалар — 100% алаяқтық. Әр азамат өзінің қаржылық деректері үшін өзі жауапты. Күмән туындаса, міндетті түрде полицияға немесе банкіңізге хабарласыңыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

 

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар