Ауыл мен қала тұрғындарының қаржылық мүмкіндіктерінде қандай айырмашылық бар
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 11:45
- 103
Қаржы сарапшыларының айтуынша, қарыз жүктемесінің өсуі халықтың табыс деңгейі мен қаржылық сауаттылығына тікелей байланысты.
Несие мен бөліп төлеу құралдары күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналып, көптеген отбасы үшін уақытша шешім ретінде қабылдануда. Алайда табыс тұрақсыз болған жағдайда немесе қаржыны жоспарлау дағдылары қалыптаспаған кезде мұндай қарыздар ұзақ мерзімді мәселеге ұласады.
"Қарызсыз қоғам" жобасының Жамбыл облысы бойынша қаржы сарапшысы Алтынай Молдашева әсіресе ауыл мен қала тұрғындарының қаржылық мүмкіндіктері мен қарыз алу тәсілдерінде елеулі айырмашылық бар екенін айтады.
Оның сөзінше, айырмашылық ең алдымен табыстан басталады.
«Қала тұрғындарының табысы салыстырмалы түрде жоғары. Бірақ соған сай шығын да көп. Тұрғын үй, көлік, қызметтер, білім, демалыс – бәрі ақша талап етеді. Сондықтан қалада табыс көп болса да, қаржылық қысым азаймайды», – дейді ол.
Ал ауыл тұрғындарының жағдайы басқаша.
«Ауылда тұрақты табыс төмен немесе маусымдық. Сол себепті адамдар қысқа мерзімді қарызға жиі жүгінеді. Кейде күнделікті қажеттіліктің өзін қарызбен жабуға тура келеді», – дейді сарапшы.
Қаржылық қызметтерге қолжетімділік те әртүрлі
Қала мен ауыл арасындағы тағы бір үлкен айырмашылық – қаржы қызметтеріне қолжетімділік.
Қалада банктер, микронесиелік ұйымдар, кредиттік сервистер көп. Несие алу оңай, тіпті бірнеше минутта рәсімделеді. Бұл бір жағынан мүмкіндік болса, екінші жағынан артық қарызға тез кіруге жол ашады.
Ауылда жағдай керісінше. Қаржы ұйымдары аз, кей жерлерде мүлде жоқ. Ресми несиеге қол жеткізу қиын болғандықтан, адамдар көбіне туыс-таныстан, көрші-қолаңнан қарыз алады.
«Ауылдағы қарыз көбіне бейресми. Бұл бір жағынан пайызсыз болуы мүмкін, бірақ әлеуметтік қысым тудырады», – дейді қаржы сарапшысы.
Қаржылық сауаттылық деңгейі де әсер етеді
Сарапшының айтуынша, қаржылық сауаттылық та үлкен рөл атқарады. Қала тұрғындарының тренингтерге, ақпаратқа, кеңеске қолы жетімдірек. Ал ауылда мұндай мүмкіндіктер шектеулі.
«Ақпарат аз болған жерде қаржыны басқару дағдылары да төмен болады. Бұл ауыл адамдары жауапсыз деген сөз емес, бұл – мүмкіндік тең емес дегенді білдіреді», – деп түсіндіреді ол.
Қарыздың сипаты да өзгеше
Қалада қарыздың түрі көп: банктік несие, кредиттік карта, бөліп төлеу. Адам өзі байқамай бірнеше қарызды қатар арқалап жүруі мүмкін.
Ал ауылда көбіне микронесиелер мен жеке адамдардан алынған қарыз басым. Мұнда мәселе – пайыздың жоғары болуы немесе қайтару мерзімінің қысқалығы.
Қорытындысында, қала тұрғындары артық шығын мен несиенің көптігінен қиналса, ауыл тұрғындары төмен табыс пен қаржы құралдарының шектеулігімен бетпе-бет келеді.
Жастарды қарызсыз өмірге қалай үйретуге болады?
Қаржы сарапшысы жастардың қарызға ерте кіріп кетуін жүйелі мәселе деп санайды.
«Жастарға несие алма деп тыйым салу нәтиже бермейді. Оларға дұрыс қаржылық ойлау жүйесін қалыптастыру керек», – дейді ол.
Сарапшы бірнеше негізгі бағытты атап өтті:
Біріншіден, қаржылық сауаттылықты ерте жастан енгізу маңызды. Мектеп пен колледжде ақша басқару, бюджет құру, жинақ жасау туралы нақты сабақтар болуы керек.
Екіншіден, практикалық дағдыларға үйрету қажет. Кірісті есептеу, шығынды жазу, жоспарлау – қарапайым көрінгенімен, өмірде үлкен рөл атқарады.
Үшіншіден, жастар қажет пен қалауды ажырата білуі тиіс. Эмоциямен жасалған сатып алу көбіне қарызға әкеледі.
Төртіншіден, жинақ мәдениетін қалыптастыру маңызды. Кірістің аз болса да бір бөлігін үнемдеу әдетке айналуы керек.
Соңында, сарапшы несие мен қарыздың салдарын жасырып-жаппай, ашық көрсету қажет екенін айтады.
«Қарыз тек қаржылық емес, психологиялық және әлеуметтік салдарға да әкеледі. Мұны жастар нақты мысал арқылы түсінуі керек», – дейді ол.






